Колледж оқытушысы парамен ұсталды - Ақтөбе облысы

АҚТӨБЕ. Қаңтардың 6-сы. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Арнайы операция барысында полиция қызметкерлері Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжі дене шынықтыру пәнінің оқытушысын пара алу үстінде ұстады.
None
None

Ақтөбе облысы Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, департаменттің ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі басқармасының қызметкерлері осыдан бір ай бұрын колледж оқытушыларының бірі сынақтар мен емтихандар үшін оқушылардан ақша жинайтыны туралы жедел мәлімет алған болатын.

Арнайы операция әзірленіп, дене шынықтыру пәнінің оқытушысы 48 жастағы азамат қаңтардың 4-і күні 3-ші курс оқушысынан заңсыз сыйақы - 9 мың теңге пара алу кезінде өз кабинетінде ұсталды.

Тінту кезінде оның күртесінің сол қалтасынан «белгі салынған» ақшалар табылды. Ұсталған азамат өз кінәсін мойындады, қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 224-ші бабы 1-ші тармағы, «Заңсыз сыйақы алу» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғау және жаза қолдану мәселелері шешілуде.

Басқа студенттерден жауап алу барысында, оқытушының баға үшін бұған дейін де бірнеше рет ақша алғаны, ай сайын және семестр сайын ақша жинап тұру жүйесін ұйымдастырғаны анықталып отыр.

Соңғы жаңалықтар