Колледждерде 1 студентке бөлінетін қаржы екі есе артады

АСТАНА. KAZINFORM — Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарын қаржыландыру көлемі артатынын жеткізді.

студент
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

— Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының көптен күткен жаңалығы — 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру мөлшері ұлғаятын болады. Қолданыстағы жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес 1 студентті даярлау үшін бөлінетін қаржының орташа мөлшері 437 мың теңгені құраса, ол енді орташа есеппен 912 мың теңгені құрайтын болады, — деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, жаңа қаржыландыру нормативі негізгі және ынталандыру бөліктерінен тұрады. 

— Бұл ретте ынталандырушы төлемдер нақты көрсеткіштерге қол жеткізген колледждерге беріледі. Жаңа қаржыландыру жүйесі — бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға, білім ұйымдарын заманауи материал-техникалық құралдармен жабдықтауға және педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді, — деді Ғани Бейсембаев.

Бұған дейін Президент Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланған еді. 

Соңғы жаңалықтар