Комбинатта 8 сағат бойы тікемнен тік тұрып жұмыс істеймін — темір жонушы

гүлжанат танабергенова
Фото: Дөң кен байыту комбинаты

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Темір жонушы Гүлжанат Танабергенова тау-кен байыту комбинатында еңбек етеді. Ол ауысымына 8 сағат бойы тікесінен тік тұрып шахтаны бекітуге арналған темірді ұзындығына сәйкес қиып, екі ұшын жонып береді. Жауапты қызметте жүрген үш баланың анасы 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні ерекше ілтипатқа бөленгенімен, зауыттағы әр әйел өз қызметін тоқтаусыз атқара беретінін жеткізді.

Дөң кен-байыту комбинатында 8 мыңға жуық адам еңбек етсе, оның 2,5 мыңы — әйел.

Әйелдер мұнда көбіне кран, конвейер машинисі, фрезерші, темір жонушы, дәнекерлеуші, сигналшы, маркшейдер, геолог, орталық зертхана лаборанттары, шам беруші (ламповшица) секілді түрлі қызметтерді атқарады. 

20 жылға жуық тәжірибесі бар маман Гүлжанат Танабергенова да сол өндіріс орнындағы жауапты қызметкердің бірі. Темір жонушы бұл салаға келмес бұрын оқып, тәжірибе жинап алған. 

— Ауданымызда адамдардың көбі сол өндірісте жұмыс істейді. Өзім де Хромтау тау-кен колледжін оқып алдым. Ол кезде темір жонушы мамандығы ғана өзіме сай келді. Сол оқу орнында оқып, комбинатта тәжірибеден өтуге бардым. Шынымды айтсам, қорқып, жылап та алдым. Себебі алып құрал-жабдықтар көп, біз теориялық білімді практикаға ұштастыруымыз керек. Жас кезімде оны да меңгеріп, екі жылда темір жонушы санат да көтеріп алдым. Қазір жұмысым өзіме ұнайды, — дейді механикалық жөндеу цехының темір жонушысы Гүлжанат Танабергенова.

Үш баланың анасы қазір бір ұлының шахтада жұмыс істеп жүргенін айтты. Темурлан Елтай Дөң кен-байыту комбинатында 700 метр тереңдікке түсіп, кен өндіреді.

Ал анасы болса, жерастындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған темірді жонып, әзірлеп береді. 

— Біз таңертең жұмысты қабылдаған кезде жоспар беріледі. Сол жоспарға сәйкес күніне ұзындығы 545 см болатын 400 қиынды дайындап, екі жағын жонамыз. Бұл шахтаға қажетті темір бөлшегі, яғни, бекітуге пайдаланады. Қазір бір ауысымда 12 адам жұмыс істейді. Темір жонушының жанында фрезершілер де бар. Олар да өзім секілді қыз-келіншектер. Біздер қиып, дайындап бергенді, өзге мамандар құрастырады. Қол күші қажет ететін жұмысты ер адамдар атқарады. Жұмыс ауыр да, жеңіл де емес. 8 сағат бойы тікесінен тік тұрып, станокта темір өлшемін келтіреміз. Біз қимылдап, жұмыс істеп қалған адамбыз. Кейде еңбек демалысына шыққан кезде бүкіл денем ауырады. Сонда да өз жұмысымды қатты құрметтеймін. Осы жерден зейнетке шығамын деп ойлаймын, — деді Гүлжанат Танабергенова.

Кейде денсаулығы сыр беріп, ем-дом жасаса да ол мамандығын, жұмыс орнын ауыстырғысы жоқ.

Темір жонушы мереке мен түрлі той-думанға қарамайтын, тек ауысым реті сақталатын жауапты жұмыста да мерекелік көңіл-күйді сақтауға болатынын айтты.

Халықаралық әйелдер күні анасын құттықтап барады, балаларынан да құттықтау қабылдайды. 

— Бұл ерекше мереке. Анамызды ортаға алып, құттықтап, мейіріміне бөленіп қайтамыз. Балаларым да үнемі жылы сөзін арнап жатады. Бұдан артық адамға, анаға ештеңе қажеті жоқ. Біз жан-жағымыз аман болса, тау да қопарамыз ғой, — деді Гүлжанат Танабергенова.

Соңғы жаңалықтар