Көмірдің қоры қажетті мөлшерде жинақталды – Индустрия министрі

«Алдағы жылу беру маусымына автономды қазандықтарға отын қажеттілігі 1,3 млн тоннаға жуық көмір мен 16 мың тонна мазутты құрайды. Бүгінгі таңда 1 млн тонна көмір (81%) және 14 мың тонна мазут (88%) дайындалды. Көмір сатып алудың төмен көрсеткіші Алматы, Павлодар және Қарағанды облыстарында байқалса, ал мазут отынын сатып алудың төмен деңгейі Ақмола, Ақтөбе облыстарында байқалып отыр. Жергілікті атқарушы органдар автономды қазандықтар үшін отынды уақтылы сатып алу және жеткізу жөнінде шұғыл шаралар қабылдауы қажет», - деді Қ. Өскенбаев.
Сонымен қатар ол министрлік апта сайын халықты және коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен қамтамасыз ету бойынша мониторинг жүргізіп жатқанын айтты.
«Көмір өндіруші компаниялардың деректері бойынша 2022 жылғы қаңтар-шілде айларында 66,4 млн тонна көмір (көмір концентратын қоспағанда) өндірілді. Бұл былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 106 пайызды құрады (2021 жылдың 7 ай үшін 62,8 млн. тонна)», - деді ведомство басшысы.
Министрлік мәліметі бойынша есепті кезеңде елдің ішкі нарығына осы көлемдегі көмір жөнелтілді:
- коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халыққа шамамен 4,5 млн тонна;
- энергия өндіруші кәсіпорындарға 35 млн тонна;
- өнеркәсіп кәсіпорындарына 4,2 млн тонна;
- экспортқа 19 млн тонна.
«Ірі көмір өндіруші компаниялары бөлінісінде «Шұбаркөл көмір» (үлесі 10,5%), «Восточный» (үлесі 14,8%), «Майкөбе-Вест» (үлесі 3,9%) және «Қаражыра» (үлесі 7,3%) разрездерінде өндірудің өсуі байқалып отыр. Жалпы, барлық өңірлерде көмірдің қоры қажетті мөлшерде жинақталған. Теміржол көлігі паркі көмірді тасымалдауды толық қамтамасыз етіп жатыр», - деді министр.
Оның сөзінше, разрездерде көмір толық мөлшерде бар, көмірді өндіру жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр, разрездердегі көмірдің бағасы өткен жылғы деңгейде қалып отыр.