Коммуналдық кәсіпорында жүргізуші болып жүргеніме 15 жылға таяды – Қанат Бексұлтанов
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Сағаттап көлік тізгіндеп, үнемі жолда жүретін жүргізушілердің жұмысы жеңіл емес. Себебі сәл қателік жіберудің соңы қайғылы жағдайға әкеліп соғуы мүмкін. Қанат Бексұлтановтың «Өскемен Водоканал» коммуналдық кәсіпорнында жүргізуші болып жұмыс істеп келе жатқанына 15 жыл болған. Ал жалпы еңбек өтілі – 30 жыл. Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтары жылына» орай тәжірибесі толысқан жүргізушімен сұхбат құрып көрді.

– Әңгімеңізді көлік айдауды неше жасыңыздан бастап үйренгеніңізден, жүргізуші куәлігін қашан алғаныңыздан бастаңызшы... Жалпы жүргізушілік еңбек өтіліңіз қанша жыл?
– Жеңіл автокөлікті 9 сыныпты бітірген кезде жүргіздім. Досым ауырып қалып, оның орнына көлікті үйге дейін айдап келгенмін. Сол кезде алғаш рет көлік тізгіндедім.
Мені 1983 жылы автомектепке оқуға жіберді. Сол жерде жол жүру ережелерін үйреніп, базалық білім алдым. Осылай жүргізуші куәлігі қолға тиді. Оқу кезінде ГАЗ-66 жүк көлігін айдадым. Оқуды бітірген соң бірден көлік айдауға отырғызбады. Алғашында мотор жөндеуші болып жұмыс істедім.

Тәжірибелі моторшыдан көлік жөндеудің қыр сырын үйрендім. Қазіргі уақытта бұл жұмыстан тыс хоббиім десем де болады. Алғаш рет Тарбағатай аудандық ауруханасында жедел жәрдем көлігін жүргіздім. Бұл жерде 3 жылдай жұмыс істеп, кейін қалаға көштім. Жалпы, жүк көлігін айдап жүргеніме 30 жылдан асты.

– «Өскемен Водоканал» компаниясында жұмыс істеп жүргеніңізге 15 жылға таяу уақыт болыпты. Бұл жұмыста тұрақтап, басқа жаққа ауыспауыңыздың себебі неде?
– Ұжымдастарым жақсы болғандықтан шығар. Мұнда барлығы жасымыздың үлкендігіне, тәжірибеміздің көптігіне қарай сыйлап, құрмет көрсетіп жатады. Ай сайынғы алатын жалақым көңілімнен шығады. Мерекелерде де сыйақы беріп тұрады. Сол себепті де бұл жақта ұзақ тұрақтаған шығармын.
– Жұмыстағы міндеттеріңізге не кіреді?
– Бұл жерде күніміз жүк көлігін тұрақтан шығарып, жүруге жарамдылығын тексеруден басталады. Көлікті жазда салқын суға, қыста ыстық суға толтырып жұмысқа кіресіміз. Күні бойы қала ішіндегі канализациялардың жағдайын тексереміз. Бітелген құбырларды тазалап, дұрыс жұмыс істеуін қадағалаймыз. Әріптесім екеуіміз бір жүк көлігін кезек-кезек айдаймыз.

– Көлік айдағанда ең бірінші қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау керек?
– Жол – қауіпті аумақ. Жүргізушінің, жаяу адамның қауіпсіздігі әрбір жол қозғалысына қатысушыға байланысты. Әркім өз жауапкершілігін білуі керек, ең бастысы рөлге ұйқы қысып тұрған кезде отырмау керек.
Күн ұзағына рөлде отырғанда байқайтыным, жастар жылдамдықты шамадан тыс асырады. Орташа жылдамдықтан асырмай жүрген жөн.
Жүк көлігінің ішінде судың салмағы бар, машина жүргенде теңселіп кетуі, бұрылғанда аударылуы мүмкін. Жолдағы қашықтықты көзбен есептеп жүрмесе апаттық жағдай туындайды. Сол себепті басқа жүргізушілер жұмыс бабымен келе жатқан жүк көліктерінің жолын кеспей, жол қауіпсіздігін сақтап жүрсе деймін. Жол – қателікті кешірмейді.
– Көлік айдағанда бір орында ұзақ отырасыз. Бұл денсаулығыңызға кері әсерін тигізіп жатқан жоқ па?
– Құдайға шүкір, денсаулығымда кінәрат жоқ. Дегенмен, үнемі рөлде отырған оңай емес. Жер үйде тұрғанның пайдасы шығар, қимыл-қозғалысымыз көп. Демалыс күндері де таңнан кешке дейін шаруамыз таусылмайды. Бос жатқан күнім жоқ. Сондықтан мен әркез өзімді сергек сезінемін.


– Басқа жұмысқа ауысуды ойлап көрген жоқсыз ба?
– Алғашында жалақым аз болған кезде кәсібімді ауыстыру туралы ойланып көргенмін. Алайда осы жұмысқа, ұжымға үйреніп қалғаннан кейін ешқайда кеткім жоқ. Жұмысым балаларымды жеткізіп, аяққа тұруға сеп болды. Қазір басқа салаға ауысуды ойламаймын.
– Президент келесі жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл бастаманың маңыздылығына қысқаша тоқталып өтіңізші...
– Мемлекет басшысының жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру жайлы ойы өте дұрыс. Себебі адамның өмір сүруіне қажетті қол еңбегін, барлығын жұмысшылар атқарып жатыр. Осындай бастама арқылы өндіріс, ауыл шаруашылығы және басқа да сала мамандарының еңбегінің маңыздылығын көрсетті. Жастар жұмысшы мамандықтарға машықтанса, еліміздегі жұмыс күші өз азаматтарымыз болар еді. Қай салада болсын жұмысшылар әрқашан сұранысқа ие.
– Әңгімеңізге рахмет!