Коммуналдық шаруашылық компаниялары жөндеу және желіге қосу қызметтерінің бағасын заңсыз өсіріп отыр – Агенттік өкілі

АСТАНА. KAZINFORM –  Мәжілісте табиғи монополия субъектілерінің қызметін реттейтін заң жобасы талқыланып жатыр. Құжатты таныстырған Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында қордаланған олқылықты ашып айтты.

коммунальные счета коммуналдық төлемдер
Фото: freepik.com

- 2017 жылдан бері табиғи монополия субъектісінің басқа қызметтер көрсетуіне қойылған 5 пайыздық шектеуді алып тастағанбыз. Бұрын табиғи монополия субъектілері көрсететін қызметтердің негізгі қызметінен басқа түрлері жалпы қызметтің 5 пайызынан аспауы керек болған. Осы шектеуді 2017 жылы алып тастағаннан кейін-ақ табиғи монополия субъектілері қаржыландыру шектеулі болуына және тарифтерді тізгіндеу шараларына байланысты көрсететін қызметтерін бөлшектеп немесе табиғи монополия аясынан шығара бастады. Жөндеу жұмыстары, желіге қосу, жылумен қамсыздандыру саласындағы сығымдау қызметтері табиғи монополия аясынан шығарылды. Басқаша айтқанда осы сияқты қызметтердің бағасын мемлекет реттемейтіндей жол тауып алды, - деді ол депутат сұрағына берген жауабында.

Айтуынша, бұл қызметтердің таза монополиялық қызмет болғандықтан бағасын мемлекет реттеу керек болған.

- Біз талдау жасап, 600-ге жуық қызметтің табиғи монополия аясынан шығарылғанын анықтадық. Өкінішке қарай, тариф реттеушілер бұл мәселені бақылап отырған жоқ. Өйткені табиғи монополия субъектілерін бұл жағынан қысса, сыйақы қорын қысқарту сияқты шаралар қабылдауға тура келетінін біледі. Бірақ таяқтың екінші ұшы тұтынушылардың мүддесіне тиіп жатыр. Кесірінен тұтынушылар аталған қызметтердің ақысын қолдан көтерілген құны бойынша төлеуге мәжбүр. Жыл сайын деп қарасақ, аталған қызметтердің құны 2-3 есеге жуық өсіп жатқанын көріп отырмыз. Ол бағаларды ешкім бақылап жатқан жоқ. Бұл жерде мемлекеттің саясаты түсінікті болу керек. Монополияға жататын қызметтердің бәрі мемлекет тарабынан баға белгілеу тетігі арқылы реттелуі керек, - деді Рустам Ахметов.

Бұған дейін елімізде Тұтынушылардың құқығын қорғау саласында омбудсмен институты енгізілетінін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар