Көмір химиясына қашан көңіл бөлінеді?

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан 2050 жылы көмір бейтараптығына көшу керек. Демек, ширек ғасырдан кейін шикізатты қазіргідей жылына 110 млн тонна емес, 30 млн тонна өндіруге тура келеді. 

Көмір химиясына қашан көңіл бөлінеді?
Фото: видеодан алынған скрин

Егер БҰҰ-ның климаттық саммиттегі міндетіне сәйкес көмір игеру кемітілсе, қордағы шикізатты қайда жібереміз? Оның геологиялық қоры 650 жылға жетеді. Бұл 272 млрд тонна. Ал, тек зерттелген қоры 32-34 млрд тонна. Осылайша біз қатты отын көлемі жағынан әлемде 10-шы орындамыз. Елдегі энергияның 68%-ы көмір жағу арқылы алынса, баламалы қуат көзі небары 5-7%. Осы ретте химия ғылымының докторы Болат Ермағамбеттен саланың болашағы туралы сұрадық.

– Егер дұрыс пайдалансақ химия өнеркәсібі – Қазақстан экономикасының көзі болар еді. Мысалы, Қытайдың Shenhua зауытында 80 тауар өндіреді. Біз барып, аралап көрдік. Ғылым мен өнеркәсіп құстың қос қанатындай үйлесім тапқан. Астасып жатыр. Міне, осындай қарым-қатынас орнаса ғана бәрі дамиды. Ғылымның күші өте мықты болуы тиіс, - деді көмір химиясы және технологиялар институтының директоры. 

Көмір химиясына қашан көңіл бөлінеді?
Фото: Kazinform

Бірақ, біздің жағдай «баяғы, Байқожаның таяғы». Көмір өндіріске тек ескі екі әдіспен енген.

– Қазір тек темір балқытуға кокс алады. Фероқорытпаға жартылай коксты пайдаланады. Қарағанды шаһталары жылына 10-12 млн тонна көмір өндірсе, соның 7-8 млн кокс алуға жұмсалады. Шұбаркөл разъезінде Сарыарқа деген фабрика бар. Сонда жылына 650 мың тонна ғана жартылай кокс өндіріледі. Одан шығатын қалдықтары проблема. Технология нормаларға сәйкес болуы тиіс. Әйтпесе ол жасыл энергетикаға жатпайтынын айтты профессор Болат Ермағамбет.

Қазақстанда 41 көмір кеніші бар. Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында шоғырланған. Қарағандыда негізінен тас көмір. Ал, Жоғарғы Соқыр қоңыр көмір кен орнында 2,5 млрд тонна қор бар. Сол қоңыр көмірден химиялық заттар алу қолайлы.

Көмір химиясына қашан көңіл бөлінеді?
Фото: видеодан алынған скрин

Павлодар облысы Екібастұз кенішінің қоры 40 млрд тоннаға жуық. Бірақ, ондағы көмір күлі 50%-дан асады. Сондықтан химиялық өңдеуге жарамайды.

көмір
Фото: видеодан алынған скрин

Көмірдің көл-көсір пайдасы

Майкүбі бассейнінде де қоңыр көмір. Сосын Торғай көмір бассейні көлемі жағынан көп. Қоры 40 млрд тоннадан асады. Осы кен орнындағы қатты отын химиялық өңдеуге тартымды. Себебі, күлі аз, күкірті 0,5%. Ылғалдығы өте жоғары. Құсмұрын қоңыр көмірін де терең өңдеуге болады. Сондай-ақ жұрт Шұбаркөл көмірін жақсы көреді. Өйткені, күлі төмен. 6-8%. Қағаз сияқты жанғыш. Құрамындағы шайыр 14-18% ғана. Бұл тіпті жанармай алуға жарайды.

– Ғалым Ебіней Бөкетов 1980 жылы бензин алуға болатынын ғылыми дәлелдеп, жоғары деңгейге көтерген. Енді шәкірті ретінде сол жұмыс біздің мойнымызда. Бұл баламалы шикізат. Мұнайдан қанша зат алынса көмірден де сонша өнім өндіріледі. Бізге тек қаржыландыру көзі керек. Жеке ғылыми мекеме болған соң қаржы жетіспейді. Ғылым комитеті конкурстарына қатысамыз. Кеніштерден тапсырыс аламыз. Бірақ, сонда да жүйелі қолдау қажет. Сонда мұнайдан шығарғандай полиэтилен, полипропилен, нано талшықтарды көмірден де алып, экономикаға зор үлес қосуға болады. Соның бәрін зерттеу керек. Көп бағытта артта қалдық. Сол үшін көмір химиясына өз алдына ҰЛТТЫҚ БАҒДАРЛАМА қажет, - деп есептейді профессор. 

Көмір химиясына қашан көңіл бөлінеді?
Фото: видеодан алынған скрин

Көмір – әзірге энергетикалық шикізат. Негізі химиялық көмірсутегі қатарына жатады. Осы тұрғыда Болат Ермағамбет басқаратын институт зертханасы түрлі ғылыми жобаларын қолдап, 30 патентке ие болған. Бірақ, өндіріске енгені жоқтың қасы. Тек өсімдік тыңайтқышы Оңтүстік өңірде там-тұмдап қолданылады. Ол Украинаның гумат тыңайтқышынан да асып түсіпті. Бидай, арпа, сұлы сияқты дәнді-дақылдары мен картоп, қызанақ және басқа көкөніс түрлерінің өнімділігі артып, бойындағы нитраттарды азайтқан.

5-6 жыл бұрын Баянауылды көмір арқылы газдандыру мәселесі көтерілген. Мысалы 2 млн текше метр газ алу үшін 6 млн тонна көмір газандырылады. Жағылмайды.

Көмір химиясына қашан көңіл бөлінеді?
Фото: видеодан алынған скрин

Ғылыми орталық ауыз су және көлік газын тазарту мақсатында сорбент технологиясын ұсынған. Ол да дайын дейді. Сорбент – сұйықтық пен газды сіңіретін химиялық әдіс. Қазір соның 1 тоннасын Ресей мен Жапониядан 1 мың мен 15 мың доллар арасында сатып алып отырмыз. Ол мұнай саласында құбырларды тарзартуға, жерді құнарландыруға таптырмас көмірден алынатын өнім түрі.

– Көмірдің келешегі кең. үлкен. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде көмір өндіру басқармасы бар. Солармен жақсы жұмыс істейміз. Жол картасы жасалған. Бірақ, қаржыландыру шешілмей тұр. Жас кадрларды қолдаймыз. Мықты мамандар қажет. Біздің жобаларымызға қатысса, шыңдалып, білікті маман боп шығады, - дейді Болат Ермағамбет. 

Майра
Фото: видеодан алынған скрин

Майра Қазанғапова көмір химиясы және технология институтының аға ғылыми қызметкері. Ол PhD докторы. Жас ғалымдарды баулып жүр.

– Көміртекті наноматериалдар алу үшін сутекті сақтау жұмысы жүргізіліп жатыр. Графен, көміртекті нанотүтікше. Бұнда жоғары тоқтың әсерінен көміртекті материалдарды буландыру арқылы жаңа наноматериалдар аламыз. Оны литий батареялар, суперконденсаторларға қолданады. Көлікке керек өткізгіш материалдар қазір көбіне шетелден жеткізіледі. Соны алмастыру қажет, - дейді Майра Қазанғапова. 

Айнагүл
Фото: видеодан алынған скрин

Ал, институттың кіші ғылыми қызметкері Айнагүл Малғаждарова фульв қышқылының қолданысын түсіндірді.

– Фульв қышқылының ұнтақ түрімен зерттеу жасаймыз. Бұл өнім көмірден де қымбат. Әлемде фульв қышқылын алу емес, оны тазарту процессі қымбатқа түседі. Сондықтан біз сорбентті қолдану арқылы экономикалық тиімді баға тұрғысынан тазарту әдісін зерттеп жатырмыз. Сосын адам ағзасындағы қартаюды тежеуге, бауырдағы холестеринді төмендетуге және қалқанша маңы безі гармондарын реттеу үшін фульв қышқылы қолданылады, - дейді ол. 

Әзірге көмір дегенде күл шығарып, шаршаған жұртшылық пен аспанды торлаған көк түтін еске түседі. Бірақ, профессор Болат Ермағамбет көмір химиясына көңіл бөлетін күн туарынан күдер үзбейді.

Соңғы жаңалықтар