Қонаев пен екі ауданның бір бөлігі Алатау қаласы құрамына енуі мүмкін
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысының әкімдігі Қонаев, Іле және Талғар аудандарына тиесілі жерлердің бір бөлігін жаңа Алатау қаласына беруді жоспарлап отыр.

Алматы облысы әкімдігі мен өңір мәслихатының «Алатау қаласының шекарасын (шегін) белгілеу туралы» бірлескен шешімі «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
«Алматы облыстық мәслихаты шешімінің және Алматы облысының әкімдігі қаулысының қосымшасына сәйкес Алатау қаласының шекарасы (шегі), оның шегіне жалпы ауданы 88267,0086 гектар Қонаев қаласының, Іле және Талғар аудандарының кейбір жерлерін қоса отырып, белгіленсін», – делінген құжатта.
Атап айтқанда, Алатау қаласының құрамына Қонаев қаласынан 10937,0052 гектар, Іле ауданынан 65213,0004 гектар және Талғар ауданынан 12117,003 гектар жер телімі өтеді.
Осы жылдың басында Алматыдан солтүстікке қарай 47 шақырым жерде орналасқан Жетіген ауылы облыстық маңызы бар Алатау қаласына айналған болатын.
Бұған дейін жаңадан құрылған Алатау қаласының даму бағыты туралы жазған едік.
Кейін Алатау қаласының әкімі қызметіне Аркен Өтенов тағайындалды.