Қонаевта алғашқы мұз айдыны ашылды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Қонаев қаласында Б.Соқпақбаев атындағы Орталық саябақ маңында мұз айдыны ашылды.

Қала әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебеков нысан бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ тұрғындардың ойын-сауық құру орталығын жасау бағытында ашылғанын атап өтті. Мұз айдынының ашылуына орай, балалар арасында эстафета ұйымдастырылды.

Мұз айдынына өз конькиі барларға кіру — тегін. Одан бөлек конькиді жалға алуға болады. Мұнда бір уақытта 50-60 адам сырғанай алады. Алдағы уақытта № 5 жағажайдан да мұз айдынын ашу жоспарланған.

— Ірі инвестициялық жобаның шеңберінде ASP аренада мұз айдыны ашылады. Онда 16-18 қаңтар аралығында қысқы дрифт шоу өтеді. Нысанның аумағы Медеу мұз айдынынан да үлкен, 20600 шаршы метр, — деп хабарлады әкімдіктен.

Еске салайық, бұған дейін биыл Қонаевтағы бірқатар саяжайға шағын аудан статусы берілетінін жазғанбыз.