Қонаевта халық саны азайған: әкімдік себебін түсіндірді

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Қонаев қаласының әкімдігі бір жылда шаһар халқының саны 8,2%-ға азайып, 65 900 тұрғын болғаны туралы мәліметке байланысты мәлімдеме жасады. 

Қонаевта халық саны азайған: әкімдік себебін түсіндірді
Фото: Александр Павский / Kazinform

Бірінші кредиттік бюро Ұлттық статистика бюросының мәліметі негізінде өңірлер арасында халық саны ең көп азайған шаһар ретінде Қонаев қаласын көрсеткен. 

Қонаев қаласының әкімдігі шаһардағы адам саны тікелей азаймағанын, тек әкімшілік бөлініс әсерінен қысқарғанын түсіндірді.

– 2024 жылдың 9 қаңтарында Алатау қаласы құрылды. Оған Қонаев қаласы аумағындағы Заречный, Арна ауылдары толығымен енгізілді. Сәйкесінше, қала халқының саны азайды. 2023 жылы Қонаев тұрғындарының саны 70 512 болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 65 024-ке төмендеген. Алайда, халық саны қайта өсіп келе жатыр. Қазіргі көрсеткіш 65 934-ті құрап отыр. Сол үшін халық арасында «Облыс орталығы өмір сүруге қолайсыз қала» деген жаңсақ пікір тудырмауларыңызды сұраймыз, - деп жазды әкімдік. 

Еске салайық, бұған дейін Қонаевта тазалық сақтамаған тұрғындарға 3 млн теңге айыппұл салынғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар