Қонаевтағы академиялық қалашық қандай болады

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Қонаев қаласында білікті де білімді мамандарды дайындайтын академиялық қалашық құрылады.

а
Фото: Qonayev Academic Campus

2022 жылы арнайы академиялық қалашық құрылып, Алматыдағы университеттердің Қонаевқа көшірілуі мүмкін екені айтылды.  

2023 жылы 31 тамызда Қонаев қаласында академиялық қалашық салу бойынша Алматы облысының әкімдігі, Ғылым және жоғарғы білім министрлігі, Qonayev Academic Campus Fund комерциялық емес ұйымы үшжақты меморандумға қол қойды.

Осы орайда Kazinform тілшісі бұл жобаға қатысы бар жауапты ведомстволар мен ұйымдарға хабарласып, жобаның қандай сатыда екенін анықтады.

Алматы облысы білім басқармасының жауабына сәйкес, академқалашық аумағында жаңа университеттер, Алматы қаласындағы жоғары оқу орындары мен колледждердің филиалдары, инновациялық орталықтар ашылады деп жоспарланған.

Мұнда оқу корпустары, зертханалар, ғылыми-зерттеу орталықтары, технопарктер, жатақханалар, қонақүйлер және білім беру мен әлеуметтік инфрақұрылымның басқа да нысандары салынып, жылына 30 мың студент білім алады.

а
Фото: Qonayev Academic Campus

— Академқалашық құру барысында облыстың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары ескеріледі. Білім беру бағдарламалары кадрлар даярлауды жүзеге асырылатын бағыттарды ескере отырып, бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде жүзеге асырылатын болады. Бұл тәсіл болашақта Алматы қаласының жоғары оқу орындарына қажетті инфрақұрылым құрылғаннан кейін академқалашық құрылымында білім беру қызметін жүзеге асыруға мүмкіндік береді, — делінген басқарма жауабында.

Ал Qonayev Academic Campus қорының төрағасы Жанат Рахмани Алматы облысында жоспарланған жоба инвесторлармен талқылау мен жоспарлау кезеңінен өтіп жатқанын атап өтті. 

Жобаның мастер-жоспары мен жобалық-сметалық құжаттамасы инвесторлармен келісімдер толық аяқталғаннан кейін әзірлене бастайды.

— Аталған жобаның құрылыс жұмыстары 2026 жылы басталып, аяқталуы 2028–2029 жылдарға жоспарланып отыр. Жобаның стратегиялық мақсаты — Қазақстанның білім және ғылым саласын әлемдік деңгейге көтеру, ғылыми-инновациялық экожүйе құру және халықаралық технологиялар трансферін қамтамасыз ету. Сондай-ақ бұл жоба аймақтың ғана емес, бүкіл елдің адами капиталының сапасын арттырып, ғылыми-технологиялық дамуға жол ашады, — деді ол.

Жанат Рахманидің айтуынша, жобаның қаржыландыру көзі — жеке инвестициялар болады. Мемлекеттік бюджеттен қаражат қарастырылмайды.

Негізгі инвестор ретінде Қытайдың бірқатар ірі компаниялары қызығушылық танытқан. Төраға олардың ішінде Qingdao Shangheshi Oil Energy Co. компаниясының белсенділігін атап өтті.

— Жоспарланған инвестицияның жалпы көлемі 900 млн АҚШ долларынан асады. Академқалашық Қонаев қаласының солтүстік-шығыс бөлігінде орналастыру көзделген. Бұл ретте 100 гектар жер телімі алдын ала анықталып, бекітілген болатын, — деді Qonayev Academic Campus қорының төрағасы.

р
Фото: TEDx Almaty

Сонымен қатар ол жоба толық жүзеге асқанда қалашықта 3 мыңға жуық жоғары білікті маман — профессорлық-оқытушы құрам мен ғылыми қызметкерлер еңбек ететін және 30 мыңнан астам студент болатынын айтты.

Одан бөлек академиялық қалашықта негізінен шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу көзделіп отыр. Айтуынша, қазіргі уақытта Түркия, Оңтүстік Корея, Әзірбайжан және т. б. мемлекеттердің жетекші университеттерімен алдын ала келіссөздер жүргізіліп жатыр.

— Бұл өз кезегінде қазақстандық жастардың әлемдік деңгейде сапалы білім алуына және халықаралық деңгейде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне зор мүмкіндік беретіні сөзсіз, — деп түйіндеді Жанат Рахмани.

Ал агенттік сауалына жауап берген Ғылым және жоғары білім министрлігі академиялық қалашықты құру тиісті инфрақұрылым толық дайын болғанан кейін ғана мүмкін болатынын мәлімдеді.

Министрлік академиялық қалашыққа отандық жоғары оқу орындарды, сондай-ақ шетелдік білім және ғылым ұйымдарын тарту бойынша ұсыныстарды қарастыруға ашық.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен «Connесted-2024» халықаралық конференциясында Қазақстан академиялық хаб құрып жатқанын айтты.

Соңғы жаңалықтар