Көне аспаптарды меңгергісі келетін жастар аз – этномузыкант Еділ Құсайынов

АСТАНА. KAZINFORM – «Бір өзі - бір оркестр» атанып кеткен Еділ Құсайынов - ежелгі сақтар мен ғұндар дәуірінің мәңгілік әуенін бүгінгі жаңа ғасыр музыкасымен жалғастырып, қазақ ұлттық мәдениетін әлемдік сахнада жаңғыртып жүрген талант иесі. Этномузыкант «JibekJoly» арнасындағы «БүгінLive» бағдарламасына сұхбат беріп, бірнеше аспапты қалай меңгергенін баяндады.

этномузыкант Еділ Құсайынов
Фото: видеодан алынған скрин

– Менің бойымдағы таланның 99 пайызы таза еңбекпен келген дүние. Әсіресе, ұстаздарым мен ата-анамның сіңірген еңбегі көп. Осы аспаптарды жинаған Болат Сарыбаев ағамыздан шабыт аламын. Еңбек жолымда Құрманғазы, «Отырар сазы» оркестрінде істедім. Қазір Астанадағы филармонияда қызмет етемін. Әрі университетте сабақ беремін, - дейді Еділ Құсайынов.

Әнші өзінің білген-түйгенін кейінгі ұрпаққа үйрету – азаматтық әрі ұстаздық парыз деп есептейтінін айтты. Алайда ол нақты көне аспаптарды меңгергісі келетін жастар саны аз екендігін айтады.

– Нақты менің пәніме келгісі келетіндер көп деп айта алмаймын. Алматыда жұмыс істеп жүрген кезімде шәкірттерім көп болатын. Мен негізі кәсіби композитормын. Маған әнді орындап, өзгеге үйреткеннен гөрі, шығарған оңай. Дегенмен концерттерде өнер көрсетуге шақырып тұрады, - деді сазгер.

Айта кетейік, Еділ Құсайынов түркі аспаптарының тылсым күштерін насихаттаушы, көне аспаптарды жетік меңгерген маман, әнші, композитор, этномузыкант. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері. Ел ішінде «Бір өзі – бір оркестр» атанып кеткен. Жетіген, сыбызғы, шаңқобыз және басқа да үрмелі-соқпалы аспаптарды жетік меңгерген.

Спикердің сөзінше, оның ата-анасы да өнер жолында еңбек еткен. Әкесі сазгер, домбырашы. Ал, анасы – қобызшы.

-Сондықтан, менің де өнерге келуім тегін емес. Осындай өнерлі отбасынан шыққандықтап, ұлттық аспаптар маған етене жақын таныс. Бала күнімнен музыка мектебінде оқыдым. Әрі қарай колледжде пианино бағыты бойынша білімімді шыңдадым,- дейді әнші.

Осыған дейін Үрімжіде қазақтың музыкалық аспаптарымен танысуға келетіндердің қарасы қалың екені туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар