Конференция лигасы: «Астана» және «Тобыл» плей-офф сатысындағы алғашқы ойынын өткізеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық «Астана» және «Тобыл» командалары бүгін футболдан Конференция лигасы плей-офф сатысында алғашқы ойындарын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордалық «Астана» өз алаңында Албанияның «Партизани» командасын қабылдайды.

Албаниялық клуб 1946 жылы құрылған. Қазірге дейін өз елінде 16 мәрте чемпион атанса, 21 мәрте күміс жүлде алды.

Еурокубок ойындарына тұрақты түрде қатысып келеді. Әзірге топтық кезеңде бақ сынап көрген емес.

Ойын елорда уақытымен 20.00-де «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Бас төреші - шотландиялық Дональд Робертсон. Оған отандастары Алан Малвэнни мен Дэниел Макфарлейн көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші де сол елдің өкілі - Грант Ирвин.

«Астана» алдымен Чемпиондар лигасында Грузияның «Динамо Тбилиси» клубынан (1:2, 1:1) айласын асырса, одан кейін Хорватияның «Динамо Загреб» командасына (0:4, 0:2) есе жіберді.

Ал Еуропа лигасында Болгарияның «Лудогорец» клубына (2:1, 1:5) есе жіберді.

Алғашқы кездесуде командалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Ал Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында Чехияның «Виктория Пльзень» командасымен шеберлік байқасады.

«Виктория Пльзень» 1911 жылы құрылған. Қазірге дейін өз елінде 6 мәрте чемпион атанса, 4 мәрте екінші орын алды.

Еурокубок ойындарына тұрақты түрде қатысып, бірнеше мәрте топтық кезеңде сынға түсті.

Ойын елорда уақытымен 20.00-де «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Айта кетсек, Конференция лигасының алғашқы үш іріктеу сатысында қостанайлық клуб Финляндияның «Хонка» (0:0, 2:1), Швейцарияның «Базель» (3:1, 1:2), Солтүстік Ирландияның «Дерри Сити» (2:1, 0:1) клубтарын қапы қалдырды.

Айта кетейік, «City Transportation Systems» ЖШС хабарлауынша, Астана-Арена стадионында өтетін матчқа байланысты №№ 10, 12, 26, 37, 40, 51, 53, 60 және 303 қала маңы бағдарларының жүру уақыты ұзартылады. Осылайша, ойыннан кейін жанкүйерлер үйіне кедергісіз жете алады.
Соңғы жаңалықтар