Конференция лигасы: «Астана» сырт алаңда «Пафосқа» есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін елордалық «Астана» Конференция лигасы жалпы кезеңінің 3-туры аясында сырт алаңда Кипрдің «Пафос» командасымен кездесті.
Қарсыла «Пафос» командасы өзімен аттас қалада «АЭП Пафос» және «АЕК Куклиа» командаларының бірігуі нәтижесінде 2014 жылы құрылған. Былтыр өз тарихында алғаш рет Кипр кубогын жеңіп алды.
Бұл ойынға астаналық команда негізгі құрам ойыншыларын апара алған жоқ. Олардың барлығы ел біріншілігі соңғы турындағы «Жетісумен» кездесуге дайындалады.
Матч барысында командалар тартысты ойын өткізді. Десе де футболшылар өз мүмкіндігін пайдалана алмай жатты.
Екінші кезеңде де ойын барысы осылайша өрбіді. Кездесу тағдырын шешкен жалғыз голды кипрлік клубтан Андерсон Силва 87-минутта соғып кетті.
Осылайша «Астана» қарсыласына 0:1 есебімен жол берді.
Енді елордалық клуб 28 қарашада Алматыда Португалияның «Витория Гимарайнш» командасымен кездеседі.
Еске салсақ, елордалық «Астана» бұдан бұрын Конференция лигасының жалпы кезеңінде Сербияның ТСЦ клубын (1:0) жеңсе, одан кейін Уэльстің «Нью-Сэйнтс» командасына (0:2) жол берді.