Конгодан барған 800-ден астам босқын Руандадан пана тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Сәрсенбіден бастап Конго Демократиялық Республикасының (КДР) 800-ден астам азаматы өз елінің шығысында болған зорлық-зомбылықтан бой тасалап, Руандаға өтті, деп хабарлайды Синьхуа.
Бұл туралы сенбі күні «Синьхуа» агенттігіне телефон арқылы Руанданың Батыс провинциясындағы Русизи ауданының басшысы Фануэль Синдайихеба хабарлады.
Оның айтуынша, босқындар М23 (23 наурыз қозғалысы — ред.) бүлікшілері мен конголез армиясы арасындағы шығыстағы ұрыс қимылдарының күшеюіне байланысты шекарадан өткендерін айтқан.
Сенбі күні Русизи ауданы Руандаға «Бугарама–Каманьола» бақылау-өткізу пункті арқылы келген 117 босқынды қабылдады, деп қосты Ф. Синдайихеба. Оның сөзінше, бұрын келгендер сияқты бұл топтың да басым бөлігін әйелдер мен балалар құрайды.
Осыған дейін Конго мен Руанда АҚШ-та бейбітшілік туралы келісіміне қол қойған еді. АҚШ президенті Дональд Трамп Конго Демократиялық Республикасының шығысындағы соғыстың аяқталғанын жариялады.
Өз кезегінде БҰҰ Бас хатшысы Конго мен Руанда арасындағы бейбітшілік туралы келісімді құптады.