Конгоның Касаи провинциясында Эболаға қарсы вакцинация басталды — ДДСҰ
АСТАНА. KAZINFORM — Эбола вирусына қарсы вакцинация Конгоның орталығында орналасқан Булапе денсаулық сақтау аймағында басталды. Бұл жерде ауру ошағы осы айдың басында тіркелген болатын, деп жазады Синьхуа.

Бұл туралы жексенбі күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) хабарлады.
— Қазіргі кезеңдегі вакцинация науқаны Эболаға шалдыққандармен байланыста болған адамдар мен алдыңғы шептегі медицина қызметкерлеріне бағытталған, — делінген ДДСҰ мәлімдемесінде.
Ervebo вакцинасынан тұратын алғашқы 400 доза Булапеге жеткізілді. Бұл — қазіргі індетке себеп болып отырған заирлік Эбола вирусының әртүрлі штамдарына қарсы қорғаныс беретін вакцина. Булапе — Касаи провинциясындағы індеттің негізгі ошақтарының бірі. ДДСҰ мәліметінше, алдағы күндері тағы шамамен 45 мың доза жеткізіледі деп күтіліп отыр.
ДДСҰ өкілі Патрик Отим жұма күні Женевада өткен баспасөз мәслихатында: «Алдағы екі апта ішінде тиісті шаралар қабылданса, індетті бақылауға болады», — деп мәлімдеді. Оның айтуынша, ел астанасы Киншасада да шамамен 1500 доза вакцина бар, олар арнайы төмен температурада сақтайтын жүйе іске қосылғаннан кейін қолданылады.
Африка ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының бейсенбіде өткен онлайн-брифингінде жариялаған деректеріне сәйкес, елде 68 күдік туғызған адам тіркелген, олардың 16-сы қайтыс болған. Ал жұма күні ДДСҰ 25 расталған жағдай туралы хабарлады.
Індеттің ошағы Касаи провинциясының әкімшілік орталығы Чикапа қаласына жақын орналасқан. Бұл жер Анголамен шекарадан шамамен 100–200 шақырым қашықтықта. Қазіргі таңда індет шалғайдағы ауылдық ауданды қамтығанымен, Булапе мен Чикапа арасындағы тұрғындар қозғалысы көп болғандықтан, вирустың кеңінен таралу қаупі жоғары.
Бұл Эбола індетінің 1976 жылдан бері ДР Конгода тіркелген 16-шы ошағы. ДДСҰ мәліметі бойынша, бұған дейін Касаи провинциясында 2007 және 2008 жылдары да Эбола індеті тараған.
Осыдан бұрын Конгоның Касаи провинциясында Эбола вирусы өрши бастағанын жазғанбыз.