Конькимен жүгіруден қысқы Олимпиадаға Қазақстан құрамасынан кімдер қатысады

АСТАНА. KAZINFORM — Конькимен жүгіруден 14 қараша мен 14 желтоқсан аралығында АҚШ, Канада, Нидерланд және Норвегияда өткен әлем кубогы кезеңдерінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 12 лицензия жеңіп алды. 

Конькимен жүгіруден қысқы Олимпиадаға Қазақстан құрамасынан кімдер қатысады
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабының шешімімен 2026 жылғы қысқы Олимпиадада конькимен жүгіруден ел намысын қорғайтын спортшылардың есімі белгілі болды. Олар: Евгений Кошкин, Кристина Силаева, Елизавета Голубева, Надежда Морозова және Арина Ильященко.  

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін мәнерлеп сырғанау спортынан Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина әлем чемпионатында олимпиадалық нормативті орындап, екі жолдама жеңіп алған. Сонымен қатар отандық шорт-трекшілер ел қоржынына тағы 9 жолдама салды. 

Бапкерлер құрамының шешімімен Миланда Денис Никиша, Абзал Әжіғалиев, Ольга Тихонова және Яна Хан бақ сынайды. Осылайша, қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында спорттың үш түрінен 23 лицензия бар. Олимпиадаға арналған нақты лицензия саны 2026 жылғы қаңтар айының соңында белгілі болады.

XXV қысқы Олимпия ойындары 2026 жылғы 6-22 ақпан күндері Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Оған әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады.

Бұдан бұрын фристайл-могулдан Анастасия Городко Францияда өткен турнирде екі алтын медаль жеңіп алғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар