Конституция халықаралық келісімдерден басым тұруы керек — Мұрат Әбенов
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Конституция жобасында халықаралық келісімдер өз күшін сақтайды, алайда Конституция ғана ең жоғары құқықтық күшке ие болады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі комиссиясының мүшесі Мұрат Әбенов комиссияның жетінші отырысында айтты.
Оның айтуынша, ұсынылып отырған конституциялық нормалар халықаралық құқықтың жалпыға танылған принциптері мен нормаларының, сондай-ақ Қазақстан ратификациялаған халықаралық келісімдердің құқықтық күшіне күмән келтірмейді.
— Біз әріптестеріммен бірге ұсынылған норма жобаларын мұқият зерттедік және жаңа Конституция жобасында халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормалары мен Қазақстан ратификациялаған халықаралық келісімдердің құқықтық күшіне күмән келтіретін баптар жоқ екенін айту маңызды деп есептейміз. Қазақстан өзге мемлекеттермен өзара қарым-қатынас принципіне және негізгі универсалды халықаралық келісімдерге, оның ішінде БҰҰ-ның адам құқықтары саласындағы келісімдеріне басымдық беруді жалғастырады, — деді Мұрат Әбенов.
Депутат жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарына күмән келтіретін нормалардың жоқ екенін атап өтті. Дегенмен, спикер халықаралық қатынастардағы турбуленттіктің артуы, геосаяси, экономикалық және құқықтық сын-қатерлердің күшеюі кезінде халықаралық міндеттемелерді қабылдау мен орындау, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне, егемендігіне және конституциялық құрылым негіздеріне сәйкес конституциялық-құқықтық бағалаумен бірге жүргізілуі керектігін айтып отыр. Әсіресе халықаралық келісімдердің ұлттық заңдардан үстемдігіне байланысты туындайтын қарама-қайшылықтар мәселесіне айрықша назар аударылды.
— Қазіргі Конституция редакциясында заң мен халықаралық келісім арасындағы құқықтық қайшылықтар жағдайында халықаралық келісім нормаларының қолданылатыны қарастырылған төртінші бап болды, яғни, басымдық бірден халықаралық келісімге берілген, — деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, мұндай механизм ұлттық заңнаманың бұл қайшылықтарды уақытылы жою және құқықтық реттеуді түзету мүмкіндіктерін шектеп келген. Сонымен бірге, халықаралық келісімдер жасалған кезде жіберілген түсініксіз немесе нақты емес міндеттемелер кейіннен басымдыққа ие болып, заң қабылдау немесе өзгерту арқылы түзету мүмкін болмады, бұл құқықтық жүйенің тұрақтылығына теріс әсер етті.
— Жаңа Конституция жобасында халықаралық келісімдер өз күшін сақтайды, бірақ тек қана Конституция ешбір қосымша ескертулерсіз ең жоғары құқықтық күшке ие болады. Мұндай модель халықаралық келісімдер мен Конституцияның нақты бөлінген иерархияда орналасқан көптеген мемлекеттің тәжірибесіне сай келеді. Қайшылықтар туындаған жағдайда тек Конституция қолданылады, — деп атап өтті Мұрат Әбенов.
Депутат бұл тәсілдің халықаралық міндеттемелерді шектеуге бағытталмағанын, керісінше, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың қосымша кепілдігі екенін айтты.
Бұдан бұрын Үнзила Шапақ Конституция жобасы халықаралық шарттарды қолдануда құқықтық айқындық енгізетінін алға тартты.