Конституцияға 30 жыл: алғаш рақымшылыққа іліккен кім
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы заңы аясында алғашқы сотталушы бостандыққа шықты. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті хабарлады.

- Ер адам ұрлық жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан, бұған дейін сотталмаған. Оны үйінде үш баласы мен жұбайы күтіп отыр. Қостанай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелерде шамамен 2000 адам жазасын өтеп жатыр. Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай, 300 сотталған адамға рақымшылық қарастырылған. Бүгін осы заңға сәйкес алғашқы сотталғандар бостандыққа шықты. Бұл жазасын өтеушілердің өміріндегі маңызды кезең, жаңа өмірді таза парақтан бастауға, қоғамға толыққанды оралуға мүмкіндік береді, - делінген хабарламада.
Комитеттен түсіндіргендей, рақымшылық – жай ғана кешірім актісі емес, әрбір азаматтың түзеліп, ел дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндігі бар болашаққа салынған инвестиция.
- Рақымшылық аясында босатылған адамдарға жаңа өмір жағдайына бейімделу үшін қажетті қолдау көрсетіліп жатыр. Олар жұмысқа орналасуға, әлеуметтік байланысты қалпына келтіруге және қажетті құжатты алуға көмек алады. Маман-психологтар психологиялық көмек көрсетіп, жаңа дағдыны меңгеруге және қоғамға тез сіңіп кетуіне жәрдемдесіп жатыр. Қоғам мұндай адамдарға түсіністікпен қарап, оларға қалыпты өмірге оралуға және қоғамға пайдалы мүше болуға мүмкіндік беруі маңызды. Тек бірлескен күш-жігер арқылы біз олардың қайта әлеуметтенуіне және құқық бұзушылықтың алдын алуға қолайлы орта жасай аламыз. Рақымшылық – бұл ақылмен және жауапкершілікпен пайдалануға тиіс мүмкіндік.
Айта кетсек, 2025 жылғы 23 маусымда Президент рақымшылық туралы заңға қол қойды.
Сондай-ақ рақымшылыққа қылмыстық жазасының соңғы жылы қалғандар босатылатыны туралы жазған едік.