Конституцияға 30 жыл: рақымшылықпен алғашқы әйел бостандыққа шықты
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық аясында Солтүстік Қазақстан облысындағы №50 мекемеде жазасын өтеп жатқан алғашқы әйел бостандыққа шықты.

СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 43 жастағы әйел ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (ұрлық) бойынша 9 айға бас бостандығынан айырылған. Енді рақымшылыққа ілігіп, оның жаза мерзімі 7 айға қысқартылып отыр.

Мекеме қақпасында бостандыққа шыққан әйелді қызы күтіп алды.
Қазіргі таңда өңірде 1700-ден астам адам түрлі мекемеде жазасын өтеп жатыр. Амнистия аясында шамамен 250 адамның, оның ішінде 50-ден астам әйелдің жазасы жеңілдеп, мерзімінен бұрын бостандыққа шықпақ.
– Әр іс жеке тәртіппен, мұқият қаралады. Басымдық – бірінші рет сотталған, қоғамға қауіп төндірмейтін, сондай-ақ әлеуметтік осал топқа жататын әйелдерге беріледі, – деп мәлімдеді департамент өкілдері.

Мамандардың айтуынша, амнистия туралы Заң – Қазақстан Конституциясында бекітілген гуманизм мен адамгершілік қағидаттарының айқын көрінісі. Бұл – жаза басқандарға қоғамға қайта бейімделуге, жаңа өмір бастауға берілген мүмкіндік.
Бұған дейін СҚО-да рақымшылыққа іліккендердің алғашқы тоғызы бостандыққа шыққанын жазған едік.