Конституциялық комиссияның келесі отырысы 9 ақпанда өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Конституция жобасы бойынша азаматтардан келетін әрбір ұсыныс жан-жақты талданып, кәсіби бағалаудан өтіп жатыр. Бұл туралы Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова айтты.
Э. Әзімова Конституциялық комиссия мүшелеріне және ұсыныстары мен бастамаларын білдірген барлық азаматтарға шынайы алғысын айтты.
– Конституциялық комиссия мүшелері азаматтардан келіп жатқан әрбір ұсынысты мұқият зерттейді және осы ұсыныстар жан-жақты талқыланып, кәсіби бағалаудан өтіп жатыр. Әрбір отырыста біз комиссия мүшелерінің көтеріп жатқан мәселесін тыңдап келеміз. Көріп отырғаныңыздай, ұсынылған бастамалар жаңа Конституция жобасын жетілдіру барысында ескеріліп келеді. Бүгін Бақыт Нұрмұханов нақты ұсыныстарды таныстырды. Жиынтық кестені көрдіңіздер, келесі отырыстарда осындай форматпен баяндамалар жасайық. Бүгінгі ұсыныстарды ескеріп, жиынтық кесте ұсынуды сұраймын, – деді Э. Әзімова Конституциялық комиссияның тоғызыншы отырысында.
Оның айтуынша, комиссия отырысынан кейін терминологиялық бірізділікті қамтамасыз ететін жұмыс тобы өз жұмысын бастайды.
Комиссияның келесі отырысы дүйсенбі – 9 ақпанға жоспарланып отыр.
Бұған дейін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстан жаңа Конституциясымен өзге елдерге үлгі бола алатынын айтқан еді.