Конституциялық Сот суррогат ана болуға қатысты шағым негізінде іс жүргізуден бас тартты
АСТАНА. KAZINFORM — Конституциялық Сот азаматшаның өтініші бойынша суррогат ана болуды реттейтін нормалардың Конституцияға сәйкестігіне қатысты мәселені қарады. Сот нормаларда кемсітушілік жоқ деп тауып, суррогат ана институтының құқықтық шектеулері заң шеңберінде екенін атап өтті. Бұл туралы құзырлы органның баспасөз қызметі мәлім етті.

— Конституциялық Сотқа суррогат ана болуды реттейтін «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 1-бабы 1-тармағының 34) және 35) тармақшалары мен 59-бабы 1 және 2-тармақтарының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініш түсті. Өтініші жасауға азаматшаға репродуктология клиникасының суррогат ана болу туралы шартты жасауға бас тартуы себеп болды. Өтініш берушінің пікірінше, Кодекстің аталған нормалары оның ана болу құқығын шектейді және отбасылық жағдайы бойынша кемсітушілікке алып келеді, — делінген хабарламада.
Конституциялық Сот өтінішті алдын ала зерделеу қорытындысы бойынша суррогат ана институты Конституцияда бекітілмегенін және заңмен реттелетін репродуктивті құқықтарды іске асыру нысаны екенін атап өтті. Оны қолданудың рұқсат етілуі мен тәртібі мәселелері заң шығарушының құзыретіне жатады.
Соттың мәліметінше, заң шығарушы қоғамдық мораль қағидаларына, баланың мүддесін қорғауға және теріс пайдаланудың алдын алуға негізделген шарттар мен шектеулерді орнатуға құқылы.
— Мұндай реттеу заңдылыққа, парасаттылыққа және пропорционалдылыққа негізделген болса, Конституцияны бұзбайды. Өтініштің мәні суррогат ана институтына қатысты құқықтық реттеуге өзгерістер енгізу туралы болғандықтан, ол Конституциялық Соттың құзыретіне кірмейді. Кемсітушілік мәселесіне қатысты Конституциялық Сот заң алдындағы теңдік барлық жағдайды бірдей реттеу дегенді білдірмейді, — деп жазды Конституциялық Сот.
Айырмашылықтар балалық шақ пен отбасын қорғау мақсатын көздеген жағдайда негізді деп танылуы мүмкін. Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, Конституциялық Сот өтінішті конституциялық іс-жүргізуге қабылдаудан бас тарту туралы шешім қабылдады.
Бұған дейін Қазақстандық әйел некесіз туған балаға алимент өндіріп алу үшін Конституциялық сотқа жүгінген болатын.