Конституциялық түзетулер жастар құқығын қорғап, білім мен шығармашылық еркіндікті күшейтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Конституцияға дінді мемлекеттен бөлетін және зияткерлік меншікті қорғауды күшейтетін білім берудің зайырлы сипатын бекітетін түзетулер Қазақстанның жасанды интеллект дәуірінде дамуына ықпал ететін болады. Мұндай пікірді Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның үшінші отырысында «Келешек» жастар кеңесінің басшысы Гүлзира Атабаева айтты.
– Білім берудің зайырлы сипатын нақты түрде бекіту жөніндегі ұсыныс жастар үшін аса маңызды әрі уақтылы қадам. Бұл абстрактілі мәселе емес, нақты практикалық іс. Мектеп тең мүмкіндіктер кеңістігі, дәстүрлерге құрмет сақталатын, алайда қандай да бір көзқарасты таңу немесе радикалды ықпалдарға жол берілмейтін орта болуы тиіс. Конституцияда тікелей норманың бекітілуі тәрбие мен білім беру жүйесі үшін айқын бағдар болады, - деді ол.
Сонымен қатар ол өз сөзінде дін мен мемлекеттің бөліну қағидатын нақты әрі бірмәнді түрде бекіту жөніндегі ұсыныс та ерекше маңызды. Бұл ар-ождан бостандығын шектеу емес, керісінше, оны қорғау. Жастар үшін бұл мемлекеттің баршаға бейтарап әрі тең қарайтынының кепілі. Мұндай сезімтал саладағы конституциялық нормалардың айқындығы қоғамдық келісімді нығайтып, билік институттарына сенімді арттырады деп атап өтті.
– Сонымен қатар Конституцияда мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алу кепілдігін сақтау және елімізде орта білімнің міндетті екендігін бекіту әділетті қадам. Бұған қоса, шығармашылық еркіндік, сөз бостандығы және зияткерлік меншікті қорғау кепілдіктерін күшейту бастамасы қолдау тапты, - деді спикер.
Сондайа-ақ ол цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде біз әлемдік үрдістерге ілесіп қана қоймай, сол үрдістерді өзіміз қалыптастыруымыз қажет. Ұсынылған бастамалар қоғамның айқын ережелерге, күшті әрі әділетті, болашаққа бағдарланған мемлекетке деген сұранысын көрсетеді. Конституцияда осы нормаларды бекіту Қазақстан Республикасының қауіпсіздік пен орнықты даму құндылықтарын нығайту жолындағы маңызды қадам болатынын айтты.
Бұған дейін «Заң мен тәртіп» қағидаты туралы Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның үшінші отырысында айтты.