Контрафакт операциясы: 4 күнде 272 адам ұсталып, 2 мың тыйым салынған өнім тәркіленді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 4-7 тамыз аралығында ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын ұрлық түрлерінің алдын алуға және анықтауға бағытталған “Контрафакт” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

- Ерекше назар интернет-алаяқтықтарды ашуға, контрафактілік өнімдерді тәркілеуге, ақпаратқа заңсыз қол жеткізуге (ҚК 205-бабы), авторлық және сабақтас құқықтарды бұзуға (ҚК 198-бабы), порнографияны таратуға (ҚК 311-бабы), арнайы техникалық құралдарды заңсыз сатуға (ҚК 399-бабы), сондай-ақ ІТ-технологияларды пайдалана отырып жасалған ұрлықтарға аударылды, - деп жазды ІІМ-нен.
Нәтижесінде аталған қылмыстарды жасаған 272 адам ұсталды, оның ішінде 70-і екі және одан да көп құқық бұзушылық жасаған. Бұрын жасалған 353 қылмыс ашылды, оның ішінде ІТ-технологияларды пайдалана отырып жасалған ұрлық – 12, интернет-пайдаланушыларға қатысты алаяқтық – 328 дерек.
Еркін айналымға тыйым салынған 2 мың бірлік өнім тәркіленді, оның ішінде 1,7 мың бірлік лицензиясыз өнім тасымалдағыштары және 67 арнайы техникалық құрал бар. Интернет желісін мониторингтеу барысында заңсыз ақпарат тарататын 205 шетелдік интернет-ресурс анықталды.
Айта кетейік, Атырауда жыл басынан бері киберқылмысқа байланысты 50-ге жуық күдікті ұсталды.