Көпқабатты үйлердегі өрт: Адам қателігінен цифрлық қорғауға дейін

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың алғашқы бес айында Қазақстанда көпқабатты тұрғын үйлерде 369 өрт тіркелді, бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда үштен бір есе көп. Дегенмен, өлім көрсеткіші екі есе азайып, жарақат алғандар саны 22%-ға кеміген.

Көпқабатты үйлердегі өрт: Адам қателігінен цифрлық қорғауға дейін
Коллаж: Kazinform / Freepik / Pexels

Көпқабатты үйлердегі өрт көбейген

Қазақстанда көпқабатты тұрғын үйлерде өрт саны артып келеді. Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында тұрғын кешендерде 369 өрт тіркелген. Ал былтыр осы кезеңде 261 оқиға болған. Өрттер күн сайын дерлік тіркеледі: кей оқиғалар адам шығынынсыз өтсе, енді бірі қайғылы аяқталады. 

− Дегенмен қаза тапқандар саны 50%-ға, ал жарақат алғандар 22%-ға азайған. Өрт кезінде 300-ден астам адам құтқарылды. Көпқабатты үйлердегі өрттер жалпы тіркелген өрттердің 11,7%-ын құрайды, - деді ТЖМ өкілдері.

Министрлік тарапынан ауқымды профилактикалық жұмыс жүргізілуде: мамандар тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жадынамалар таратады, жиналыстар мен нұсқаулықтар өткізеді. Кейбір үйлерде эвакуация бойынша жаттығулар ұйымдастырылып, төтенше жағдайға дайындық пысықталады.

− Бүгінде елімізде 3 мыңнан астам биік ғимарат бар, онда жыл сайын өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізіледі. Бұл шаралардың мақсаты − халықтың өрт кезіндегі әрекет алгоритмдерін меңгеруіне мүмкіндік беру, - деп хабарлады министрлік.

Алайда тәжірибе көрсеткендей, тек жадынамамен және әңгімемен шектелу жеткіліксіз. Пәтер дәліздерінде ескі матрастар мен жылыту құрылғылары сақталса, эвакуациялық есіктер құлыптаулы күйде тұрса – өрттер қайта-қайта орын алып, адамдар өмірін жалмауын тоқтатпайды.

ТЖМ өкілдерінің айтуынша, профилактикалық шаралар тұрғын үй секторындағы өрттерде қаза тапқандар санын 16%-ға қысқартуға мүмкіндік берген.

өрт
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Өрт өздігінен шықпайды

Статистикаға үңілсек, әрбір өрттің артында адам немқұрайлығы, жауапсыздық, кейде тіпті қарапайым ақымақтық тұрады. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, 2025 жылдың алғашқы бес айында көпқабатты үйлерде болған өрттердің басты себебі – электр құрылғыларын орнату мен пайдаланудағы ережелердің бұзылуы. Бұл себеп барлық жағдайлардың шамамен 55%-ын құрайды.

Екінші орында – отты абайсыз қолдану тұр: сіріңке, шам, балконда от жағу сияқты «үй ішіндегі оттар» өрттердің 31,7%-ына себеп болған. 6,7%-ы – балалардың ойынының салдары.

Алкогольге мас күйде төсекте шылым шеккендер өрттің 3,7%-ын, ал заттар мен материалдардың өздігінен тұтануы – 2,9%-ын құрайды.

− Әкімшілік деректерді жинау үшін өрттің шығу себептері, соның ішінде техникалық ақаулар бойынша мәліметтер есепке алынады. Жүргізілген талдау негізінде анықталған заңбұзушылықтарды жоюға бағытталған ұсынымдар мен нормативтік құқықтық актілер әзірленіп, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі және қауіпсіздік талаптары күшейтіледі, - дейді ТЖМ мамандары.

Нақтылық пен жеделдік

Қазіргі төтенше жағдайлар уақыт жоғалтуды кешірмейді, ақпарат іздеуге немесе қате мекенжайға баруға кеткен әрбір секунд біреудің өміріне тікелей әсер етуі мүмкін. Бұл жағдайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі жақсы түсінеді. Сол себепті соңғы жылдары ведомство ауқымды цифрлық трансформациядан өтті.

Бұл жүйенің жүрегі − жаңғыртылған ТЖМ Ситуациялық залы, яғни «апаттарды басқару орталығы». Мұнда барлық деректер мен болжамдар біріктіріліп, видеолар мен карталар талданады. Арнайы үлгілеу құралдарының көмегімен мамандар өрттің дамуын болжай алады, ықтимал салдарын есептеп, әрекет ету сценарийлерін дайындайды. Бұл − нақты тағдырлар шешілетін цифрлық шайқас алаңы десе болады.

Өрт қаупін бақылау үшін ведомство «Сергек» бейнебақылау жүйесін, соның ішінде биік үйлерге орнатылған камераларды пайдаланады. Бұл әсіресе өрт ошақтарына тікелей жету қиын болатын қалалық аудандарда жағдайды бақылауға мүмкіндік береді.

сергек
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Бірақ ең қызығы – ғарыш технологияларының біріктірілуі. ҚР ТЖМ геоақпараттық платформалар арқылы, соның ішінде «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ ұлттық жүйесі мен жеке компаниялардың сервистері арқылы орман өрттері, техногендік қауіптер, ауа райы жағдайлары және тіпті мұнай төгілуі мүмкін аумақтар туралы ақпарат алады. Өңірлердің цифрлық қауіпсіздік паспорттары мен ТЖ бойынша тарихи деректері бар интерактивті карталар тек әрекет етуге емес, алдын алуға да мүмкіндік береді. Бұл жай ғана өрт сөндіру емес, жаңа буындағы ерте ескерту жүйесі.

Аймақтардағы аумақтық бөлімшелерде де өзгерістер бар. Кезекші-диспетчерлік қызметтерде «АРМ-Диспетчер» жүйесі енгізілді. Бұл атауы қарапайым болғанымен, ауқымды мүмкіндіктерді қамтитын жүйе.

− Оның ішінде нысан атауы немесе көше атауының ескі нұсқасы бойынша мекенжайды анықтау, электронды картада орналасқан жерін көрсету, ең қысқа маршрут пен оның қысқаша сипаттамасын шығару мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдардың тұратын орындары туралы деректер енгізілді. Бұл база төтенше жағдай орнына жіберілген өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға осал топтар туралы ақпаратты автоматты түрде жеткізуге мүмкіндік береді, - деп хабарлады ТЖМ.

Өрттен алған сабақтар

Қазақстандағы көпқабатты үйлер мен жекеменшік сектордағы өрттер бұрын айтылмай келген әлсіз тұстарды ашып берді. Ал ТЖМ-ның іс-әрекетіне қарағанда, елімізде ауқымды жаңғырту кезеңі басталып жатыр. Бұл жолы басымдық тек техника мен технологияға емес, көмектің қолжетімді болуына беріліп отыр.

2024 жылдан бастап елде тез тұрғызылатын құрылымдардан өрт сөндіру деполарын салу жобасы жүзеге асып келеді. Бұл жаңа бөлімшелер енді бірнеше жыл емес, бірнеше ай ішінде ашылады деген сөз. Өткен жылы 10 нысан пайдалануға берілсе, 2025 жылы − 6 депо іске қосылды, жыл соңына дейін тағы 12-сі ашылады деп күтілуде. Мұндағы мақсат − халық тығыз қоныстанған және осал аймақтарды қамту, өйткені дәл қазір бұл жерлерге өрт сөндіру көлігі тым кеш жетуі мүмкін.

Алайда жаңғырту тек қалалармен шектелмейді. ТЖ министрі, генерал-майор Шыңғыс Әріновтың бастамасымен өрт сөндіру көлігі сирек келетін ауылдар жайлы «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаның мақсаты − базалық жабдықпен қамтылған және арнайы дайындықтан өткен тұрғындармен жасақталған жергілікті ерікті өрт сөндіру бекеттерін құру. Қазірдің өзінде Абай, Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында осындай бес бекет ашылды. Бұрын құтқаруды сағаттап күткен жерлерде енді жедел әрекет ету мүмкіндігі пайда болды. Демек, халықтың өзі қауіпсіздік жүйесінің көрермені емес, тікелей қатысушысы ретінде тартыла бастады.

өрт сөндіру көлігі
Фото: Атырау облысының әкімдігі

Алайда бұл тек бастамасы ғана. Әлі күнге дейін мыңдаған үйде автоматты дабыл жүйесі жоқ, ал өрт сөндіру көліктері бейберекет қойылған көліктер салдарынан подъезге жақындай алмайды. Сондықтан толық қауіпсіздік туралы айту әлі ерте. Бағдарлама қағаз жүзінде тек іргетас бола алады. Нағыз жаңғырту − төтенше жағдайда әр минут адам өмірін құтқаруға жұмыс істейтін кезде жүзеге асады.

Жаңа норма − ескі үйлер

Министрліктің бастамасымен 8 мемлекеттік нормаға өзгерістер енгізілді, енді барлық жаңа көпқабатты тұрғын үйлерде биіктігіне қарамастан автоматты өрт дабылы және газ бақылау жүйелерін орнату міндеттелді. Яғни, енді екі қабатты ең қарапайым үйдің өзі техникалық жағынан жарақтандырылуы тиіс. Бұл әсіресе газдандырылған өңірлер үшін маңызды, мұнда газдың шығуын иіспен емес, арнайы датчикпен анықтау қажет.

Алайда, бұл жерде де кемшілік бар: жаңа нормалар тек жаңадан салынатын үйлерге қатысты. Ал бұған дейін салынған және қоныстанған үйлерде мұндай жүйелерді орнату ерікті негізде, яғни, көп жағдайда мүлде жүзеге аспайды. Осы олқылықты жою үшін ТЖМ тағы бір шараны қолға алды, өрт қауіпсіздігі жүйелерін орнатумен және қызмет көрсетумен айналысатын компанияларға рұқсат беру тәртібі енгізіледі. Бұл салада дилетанттардан арылу көзделген, ал монтаждаушылар жауапкершілікке үйретіледі.

датчик
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Сонымен қатар ТЖМ халық көп жиналатын нысандар мен биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарды пайдалануға қабылдау кезінде өрт бақылауын қайта енгізу нормасын әзірледі.

Құрылыс материалдары да назардан тыс қалған жоқ. Көптеген жаңа үйлердің қасбеттерінде желден және судан қорғайтын жанғыш қабыршақтың қолданылып жатқаны анықталды. ТЖМ бұл материалдарды жылуоқшаулағыштың сыртқы қабатына қолдануға тыйым салуды көздейтін өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр.

− Ұсынылып отырған норма ірі өрт қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзған нысандардың пайдалануға берілуі мен одан әрі қолданылуын болдырмауға мүмкіндік береді, - деп мәлімдеді ведомство.

Өрт жауапкершілігі

Қағаз жүзінде бәрі нақты: көпқабатты үйлердегі өрт қауіпсіздігі көптеген ережелермен, нұсқаулықтармен және ұсыныстармен реттеледі. Жауапкершілік те бөлінген, тұрмыстық қауіпсіздікке тұрғындар жауапты, ортақ мүлікке − басқарушы ұйымдар, ал алдын алу мен құтқару шараларына − мемлекет. Бар болғаны осы талаптарды сақтау ғана қалғандай. Алайда өрт оқиғаларының статистикасы үздіксіз өсіп келеді, әр жаңа өртпен бірге жауапкершілік тізбегі қай жерден үзіледі деген сұрақ туындайды.

Әр уақытта нақты әрекет алгоритмі сақтала бермейді. Көптеген адам құтқарушыларды шақырмай-ақ, өз бетінше отты өшіруге тырысып, уақыт жоғалтады. Біреулер интуициямен әрекет еткенімен, токтағы құралды сумен сөндіреді, терезе ашып, жалынды күшейтеді, түтінге толған баспалдақпен шығуға немесе лифтпен түсуге тырысады.

өрт сөндіруші
Фото: Ақмола облысы ТЖД

ТЖМ өрт шыққанда ең алдымен құтқарушыларды (101/112) шақыруды, токтағы құралдарға су құймауды, өртеніп жатқан бөлмеде терезе мен есікті ашпауды және лифтті қолданбау керегін айтуда. Әрбір өрт − жай ғана техникалық ақау немесе тұрмыстық қателік емес. Бұл бірінші қабаттағы тұрғыннан бастап, басқарушы компаниядағы инженер мен инспекторға дейін тұтас жүйенің нақты өмірде қалай жұмыс істейтінінің көрсеткіші.

Егер қауіпсіздік тізбегіндегі әр адам жауапкершілікті көршісінен іздесе қауіп-қатер осы күйінде қала береді. Ал ережелерді сақтау формалдық емес, күнделікті мәдениеттің бір бөлігіне айналуы қажет. 

Соңғы жаңалықтар