Көптен күткен жоба: Қарағандының екі ірі ауданын тікелей жалғайтын жаңа жол салынады
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағандыда екі ірі тұрғын аудан — Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты байланыстыратын жаңа магистральдің құрылысы басталды. Бұл жоба қаладағы көлік ағынын азайтып, орталық көшелердегі жүктемені төмендетуге және жол қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Жолдың ұзындығы шамамен 6 шақырым. Қозғалысты тиімді ету үшін магистраль төрт жолақты болады — әр бағытқа екі жолақтан. Жол Мұқанов көшесінен басталып, қарқынды дамып жатқан Оңтүстік-Шығыс секторын кесіп өтіп, Майқұдықтың Шығыс айналма тас жолына жалғанады.

Биыл Мұқанов көшесінен «Династия» тұрғын үй кешеніне дейінгі аралық салынады. Жоба аясында тротуарлар, көгалдандыру аумақтары мен автотұрақ орындары қарастырылған. Құрылыс толықтай 2027 жылға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар қалада басқа да жол нысандарын жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Бөкетов көшесінде асфальт төселіп, суағар жүйелері мен жарық шамдары орнатылды. Бұл жобаны жыл соңына дейін аяқтау көзделген.
Қаланың негізгі жолдарының бірі — Назарбаев даңғылында да жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл көшеде соңғы рет күрделі жөндеу шамамен 15 жыл бұрын жүргізілген. Биыл орташа жөндеу қолға алынып, сонымен қатар жаяу жүргіншілер аймағы абаттандырылып жатыр. Ескі, бұзылған тас төсеніштің орнына гранит төселіп жатыр. Қазіргі кезеңде жол жабыны мен тротуарлар жөнделіп жатыр, ал келесі жылы орталық жаяу жүргіншілер аймағын жаңарту жоспарланған.
Осыған дейін Қарағандының атышулы ауданы Майқұдық 20 жылда қалай өзгергені жайлы жазған болатынбыз.