Қорғаныс министрі Қатардағы халықаралық фестивальге қатысушыларға алғыс білдірді
АСТАНА. KAZINFORM – Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында қорғаныс ведомствосының басшысы авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Дохада өткен I халықаралық әскери музыка және марштар фестиваліне қатысушылармен кездесті. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстандық ұжымның түрлі алаңда өнер көрсетуі Қатардың Ұлттық күні мерекесі кезінде көрермендердің ыстық ықыласына ие болып, мәдени іс-шараны ұйымдастырушылар тарапынан жоғары бағасын алды.
– Фестиваль барысында Ұлттық әскери-патриоттық орталық қызметшілері мен Құрмет қарауыл ротасының жеке құрамы патриоттық әндер, сахналық көріністер және ұлттық нақыштағы өнер арқылы еліміздің рухани мұрасын шетелдік көрермендерге таныта білді. Бұл Қарулы күштеріміздің тек қауіпсіздіктің кепілі ғана емес, сонымен қатар ел мәдениетінің рухани айнасы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұндай жетістіктер Қазақстан Қарулы күштерінің халықаралық аренадағы беделін арттыруға үлес қосады, - деді Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.
Іс-шара барысында ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы Арман Әсенов пен Құрмет қарауыл ротасының командирі аға лейтенант Жеңісбек Рақымжан Қорғаныс министрінің алғыс хатымен марапатталды.
Фестивальге елімізден Орталық әскери оркестр, би тобы, фольклорлық-этнографиялық ансамбль және Қорғаныс министрлігінің Құрмет қарауыл ротасы қатысты. Қазақстандық әскери қызметшілер концерттік бағдарламадағы репертуары мен ұлттық нақышы арқылы ерекшеленді. Онда Нұрғиса Тілендиевтің, Темірхан Қожабековтің, Бақытжан Желдербаевтың шығармалары, сондай-ақ «Allah Ya Omri Qatar» патриоттық әні орындалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның әскери музыканттары қатарлықтардың жүрегін жаулағанын жазған едік.