Қорғаныс саласындағы мәселелерді сабырмен шешіп, одан тағылым алған жөн —Жарқынбек Амантайұлы

АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстаудағы қайғылы оқиғадан кейін Қорғаныс министрінің қызметінен босатылуы және Қорғаныс министрлігінің жұмысына кешенді тексеру жүргізілуі қорғаныс саласында қордаланған мәселелерді анықтап, олардың себептерін зерделеуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Құрылтай депутаты Жарқынбек Амантайұлы айтты.

Жарқынбек Амантайұлы
Фото: Жарқынбек Амантайұлының Facebook-парақшасы

Оның пікірінше, оқиғаның мән-жайын жан-жақты анықтау үшін Үкіметтік комиссияның жұмыс істеуімен қатар, Президент Жарлығымен Қорғаныс министрлігінің қызметіне кешенді тексеру жүргізу тапсырылуы — қорғаныс саласындағы мәселелерді жүйелі түрде қарастыруға бағытталған қадам.

Депутат қара жамылған отбасылардың қайғысын сөзбен жеңілдету мүмкін емес екенін атап өтті.

— Қапыда қаза болған азаматтарды ештеңе де қайтара алмайды. Дегенмен осындай ауыр сәтте мемлекет те, қамкөңіл ағайын да қайғыдан қан жұтқан отбасыларға қолдан келгенше қолдау көрсетуге тырысып жатыр, — деді Жарқынбек Амантайұлы.

Оның айтуынша, бір топ Құрылтай депутаты ел азаматтарымен бірге марқұмдарды ақтық сапарға шығарып салып, қайғыға ортақтасқан отбасылардың жанынан табылды.

Депутат мұндай ауыр кезеңде қоғамдағы тұрақтылық пен өзара түсіністікті сақтаудың маңызына да тоқталды.

— Осындай ұрымтал сәтті пайдаланып, ел ішінде алауыздық туғызып, қоғамды бүлікке немесе дүрбелеңге бастауға жол бермеу де аса маңызды, — деді ол.

Жарқынбек Амантайұлы болған жағдайға сабырмен қарап, одан тиісті қорытынды шығару қажет екенін айтты. Оның сөзінше, елдің ауыр қайғыны еңсеруіне сабыр мен береке-бірлік көмектеседі.

— Қорғасындай ауыр қайғыны парасатты елдің сабыры мен берекелі бірлігі ғана көтере алады. Жағдайды ушықтырып, ашу мен араздықты өршіткеннен елге де, сарбаздар сапында жүрген азаматтарға да пайда жоқ, — деді Құрылтай депутаты.

Ол қиындық кезінде елдің бірлігі сыналатынын атап өтіп, қасіретті сабырмен еңсеріп, одан тағылым алу баршаға ортақ міндет екенін жеткізді.

— Ауыр қасіретті сабырмен еңсеріп, одан тағылым алып, болашаққа нық қадам басу — баршамызға ортақ міндет, — деді Жарқынбек Амантайұлы.

Еске салайық, бұған дейін Президент Дәурен Қосановты Қорғаныс министрі лауазымынан босатқанын хабарлаған едік.

Оның орнына Айдос Мырзахметов Қорғаныс министрі болып тағайындалды.

Президент жаңа министрге әскери басқару жүйесін жетілдіруді тапсырды.

Президент — Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен кеңес өткізді.

Президент сарбаздардың қазасынан кейін әскери басшылықты қатаң сынға алды.