Қорғас туралы Қытаймен үкіметаралық келісімге өзгеріс енеді
АСТАНА. KAZINFORM – Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан Үкіметте Қорғас трансшекаралық өңіріндегі инженерлік инфрақұрылым туралы баяндады.
Оның айтуынша, Қорғас трансшекаралық өңірінде екі негізгі арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Олар: «Қорғас – Шығыс қақпасы» және «Қорғас» Халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы.
— «Қорғас – Шығыс қақпасы» сауда логистика мен өндірісті дамытуға арналған. Ол биыл жүк әуежайын салу мақсатында 840 гектарға кеңейтілді. Аймақтың негізгі бөлігі инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған. Бірақ резервтік учаскелері әлі дайын емес. Сондықтан әкімдік жобалық сметалық құжаттаманы әзірлеу және бекіту жұмыстарын жеделдету қажет, - деді И.Шархан.
Ал «Қорғас» ХШЫО» Қытаймен үкіметаралық келісім аясында жұмыс істейді және 2018 жылдан бері арнайы экономикалық аймақ болып саналады.
— Бүгінде Қытаймен шекаралас сауданы одан әрі дамыту мақсатында аталған үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу пысықталып жатыр. Бұл өзгерістер аймақты ұлғайтып, қосымша өткізу пунктін ашуды және оны тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшіруді көздейді. Қазір аймаққа газ құбырын тарту жұмыстары аяқталып қалды, - деді Өнеркәсіп вице-министрі.
Сауда министрінің айтуынша, «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы АЭА аумағында жалпы сомасы 234,4 миллиард теңге болатын 41 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде 17 миллиард теңгеге сегіз жоба пайдалануға берілді. 2027 жылға дейін 33 жоба аяқталады.
Айта кетейік, Қазақстанда 2030 жылға дейін 5 трансшекаралық хаб ашылады.