Қорғасын, мыс, мырыш, марганец, хром: жыл сайын 14,3 млн тонна кен шетелге сатылады

АСТАНА. KAZINFORM – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта тау-кен және металлургия саласындағы шикізат экспортының көлемі туралы мәлімет берді.

драгоценные металлы, кен
Фото: freepik

Мәселенің мәні

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали мен Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевқа «Қазақмыс» сияқты пайдалы қазба өндіретін компаниялардың сыртқа шығарып жүрген кені мен концентраттары химиялық талдаусыз кетіп жатқаны туралы мәліметке түсініктеме беруді талап етіп, сауал жолдаған болатын

— Ақпан айында әлеуметтік желіде «Қазақмыс» корпорациясының бұрынғы зертхана маманының ақпараты шықты. Айтуынша, корпорация тонна-тонна мыс концентраты мен кенді химиялық талдау жүргізбестен, құрамындағы бағалы және сирек металдарды жасыра отырып сыртқа шығарады. Маманның пікірінше, осы арқылы компания сыртқа шығарылып жатқан ресурстардың бағасын қолдан төмендетіп, олигархтардың пайдасы үшін ел экономикасына шығын келтіріп жатыр. Тағы бір сұхбатта геология саласының сарапшысы тау-кен алпауыты ондаған жылдар бойы кен мен концентраттың талдауын жүргізбестен, шетелдегі өндіріске сирек металдың шикізатын шығарып келген. Аталған материалдардың сілтемесін депутаттық сауалмен бірге жолдаймыз, – деген Азат Перуашев.

Өнеркәсіп министрлігіндегілер не дейді?

- Қазақстан Республикасы Кеден Одағына (қазір Еуразиялық экономикалық одаққа) кірген сәтке дейін ел аумағынан кен экспортына рұқсат беру қарастырылмаған. 2009 жылдан бастап құрамында алтыны бар шикізатты экспорттауға шектеулер қойылды. «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» Заңның 8-бабы 2-тармағына сәйкес құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын Қазақстан аумағынан әкетуге ниеті бар тұлға уәкілетті орган айқындаған тәртіппен, уәкілетті орган бекітетін тізбедегі бағалы металдарды өндірудің барлық субъектілерінен тиісті бас тартуды немесе осындай бас тартудың бар екені туралы уәкілетті органның растамасын алуға міндетті, - деп жазылған министрлік жауабында.

Ресми мәлімет не дейді?

- Тау-кен және металлургия кешеніндегі шикізат экспортының көлемі негізінен концентраттарға тиесілі, - делінген ресми жауапта.

2024 жылы экспортталған концентраттардың ішінде көміртектенбеген темір концентраттары – 5,7 млн тонна (2023 жылғыдан 9,4% аз), агломерацияланған темір концентраттары – 4,8 млн тонна (2023 жылғыдан 2,4% аз), мыс концентраттары – 1,8 млн тонна (2023 жылғыдан 5,6% аз), марганец концентраттары – 214,4 мың тонна (2023 жылғыдан 36,3% көп), қорғасын концентраттары – 45,7 мың тонна (2023 жылғыдан 18% аз), мырыш концентраттары – 431,1 мың тонна (2023 жылғыдан 15,9% аз), хром концентраттары – 294,2 мың тонна (2023 жылғыдан 24,7% аз), сазбалшық (глинозем) – 997,9 мың тонна (2023 жылғыдан 14,3% көп).

инфографика
Фото: Kazinform

Еске салсақ, Kazinform тілшісі Қазақстанда сирек кездесетін металдардың қанша қоры барын, әлемде оның рөлі несімен маңызды екенін зерделеп шыққан болатын.

Соңғы жаңалықтар