Қорғаста ірі сауда-логистикалық кешеннің құрылысы басталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Бүгін «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы аумағында «Қазақстан-Қытай достық аймағы» жобасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Жаңа кешен «Қорғас» ШЫХО-ның қазақстандық бөлігінде орналасады. Онда сауда, логистика, өнеркәсіптік сервис, цифрлық инфрақұрылым және іскерлік қызметтерді біріктіретін көпфункционалды заманауи кешен салу көзделген. Жобаны қазақстандық және қытайлық инвесторлар бірлесіп жүзеге асырып жатыр.
Ұйымдастырушылық тұрғыда Қазақстан-Қытай халықаралық экономикалық даму орталығы қолдау көрсетіп отыр.

Бұл нысан трансшекаралық сауданы дамытуға, туристік ағынды арттыруға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге ықпал етеді деп күтіледі.
«Қазақстан-Қытай инвестициялық орталығының» қазақстандық тараптан тең төрағасы Жамбыл Ахметбековтің айтуынша, жоба «Қорғасқа» келетін кәсіпкерлер мен туристер үшін қолайлы жағдай жасап, сауда мен қызмет көрсету саласының дамуына серпін береді.

— Бұл орталық екі ел кәсіпкерлері үшін тиімді платформа болады. Демалыс орындар мен сапалы қызмет көрсетіледі. Мұнда іскерлік келіссөздер жүргізіліп, келісімшарттар жасалып, сауда қатынастары бір жерде үйлестіріледі. «Бір терезе» қағидаты бойынша кеден, логистика, қаржы, аударма, заң және есеп айырысу қызметтері ұсынылады, — деді ол.
Жоба Қазақстан аумағында жүзеге асырылатындықтан, барлық салықтық түсімдер мемлекеттік бюджетке бағытталады. Инвесторлардың болжамынша, бұл бастама «Қорғас» ШЫХО-ның қазақстандық бөлігіндегі салық түсімдерін екі есеге арттыруы мүмкін.

Жоба бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде Қазақстан мен Қытай арасындағы тауарларды сақтауға арналған ірі логистикалық орталық пен қоймалар салу көзделген. Кешен құрамында заманауи қоймалар, оның ішінде салқындатылған сақтау орындары қарастырылған.
Қазақстан-Қытай инвестициялық орталығының төрағасы Сун Цзянчжун бұл жоба жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін айтты.

— Алдын ала болжам бойынша алғашқы кезеңнің өзінде Қазақстанда мыңға жуық жұмыс орны құрылады. Біз бұл жобаны тек көрсетілімдік нысан емес, Қазақстан мен Қытай арасындағы үлгілі әрі жоғары сапалы жобаға айналдыруды мақсат етіп отырмыз, — деді ол.
Оның айтуынша, бірінші кезеңде жалпы аумағы 800 мың шаршы метр болатын көрме-сауда кешені салынады. Онда Қазақстанның барлық өңірі мен Қытайдың өнімдері ұсынылады. Сондай-ақ 700 мың шаршы метрлік логистикалық орталық қарастырылған.
Екінші кезеңде 150 мың шаршы метр аумақта тоңазытқыш қоймалары бар қойма кешенін салу жоспарланған.
Оның айтуынша, бұл инфрақұрылым тауар жеткізу тізбегін оңтайландырып, екі ел арасындағы сауда айналымын арттыруға мүмкіндік береді.

Жоба «Қорғас» қазақстандық бөлігінің дамуына жаңа серпін береді деп күтіледі. Қазіргі уақытта бұл аймақ инфрақұрылымдық даму деңгейі бойынша Қытай жағына қарағанда әлдеқайда артта қалып отыр.
Инвестициялық компания «Хайнань Гуаньлань Инхуэй»-дің бас директоры Ху Пейиннің айтуынша, жобаның жалпы инвестиция көлемі 587 млн АҚШ долларын құрайды.
— Бұл жоба өңірлер мен провинциялар арасындағы тауарларды тікелей таныстыруға мүмкіндік беріп, ішкі өндірістің дамуына үлкен жол ашады. Сонымен қатар Қазақстан бюджетіне түсетін салық көлемін екі есеге арттырады деп ойлаймын, — деді ол.
Айта кетейік, кешеннің құрылысы 2027 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Осыған дейін сенатор Сүйіндік Алдашев «Қорғас» шекара маңы кластерінің жұмысындағы проблемалар туралы пікір білдірді.