Коронавирус: Ақтөбедегі шекара бекеттерінде оқшаулау орны жабдықталды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Коронавирусқа қарсы алдын алу шарасы күшейтіліп, шекара бекеттерінде оқшаулау орындары ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаменті короновирусқа қарсы жұмыстарды пысықтады. Ақтөбе қаласындағы халықаралық әуежай мен теміржол вокзалында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау күшейтілген.
«Мәртөк ауданының Жайсаң және Қарғалы ауданының «Әлімбет» шекара маңындағы автомобиль өткізу бекеттерінде уақытша санитарлық-карантиндік пункттер ұйымдастырылды. Бүгінгі күні 14 мыңнан астам адамның қызуы өлшенді. Қызуы жоғары және денсаулығы нашар адамдар анықталған жоқ. Жыл басынан бері Қытай және осы елге барған Қазақстан азаматтары мониторингке алынды. Олардың саны 200-ден асады. Бақылауда болған адамдардың 99% дін аман, вирус анықталмаған соң бақылау алынды»,- деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.
Оның айтуынша, өңірдегі дәріханаларда 52 мың бетперде бар.
«Әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат көп тарап жатыр. Ресми түрде айтарымыз – елде коронавирустық инфекцияға байланысты жағдай тұрақты. Облыста 396 кереует, яғни, екі емдеу орны дайын тұр. Дәрі-дәрмек жеткілікті. Медицина қызметкерлеріне қажетті қорғаныс киімдері бар. Арнайы штабтың жұмысы кезінде шетелден келгендердің бәрі бақылауға алынды», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.