Қоршап алып, билей бер: Ақтөбеде тұрғын үй кешендері неге қымтанып отыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қаласында жаңадан бой көтеріп жатқан шағын ауданда тұрғын үйлер өз аулаларын қоршап, көлік қана емес, адамдардың жүруіне тыйым салып жатыр. Қазіргі кезде қала әкімдігі түскен шағым бойынша мониторинг жүргізетінін айтқанымен, нақты санын көрсете алмады. Kazinform тілшісі қаланы аралап, ондағы жағдайды көрді.

қоршау
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе қаласындағы Батыс-2, қазіргі Алтын орда шағынауданында құрылыс әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Мұнда бірнеше құрылыс компаниясы өзіне тиесілі жерде үй салып, әрқайсысына атау береді.

Қазіргі кезде сол тұрғын үй кешендері тұрғындардың қауіпсіздігі үшін деген желеумен темір, кейбірі бетон қоршау жасап алған. Бұл кейде адамдардың еркін қозғалысына кедегі келтіріп тұр. Ең алдымен Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінен мән-жайды сұрадық.

тұрғын үй
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Қоршау кедергі келтірмеуі тиіс

2022 жылы ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен «Өрт қауіпсіздігі қағидалары» бекітілген. Онда ғимараттарға, құрылыстарға, ашық қоймаларға, сыртқы өрт сөндіру сатыларына және өртке қарсы сумен жабдықтау көздеріне апаратын жолдар, өтпелер мен кіреберістер жарамды күйде және өрт техникасының өтуі үшін қолжетімді етіп ұсталатыны, ал қыста қардан тазартылатыны айтылған.

Ғимараттар мен құрылыстардың аумағына өту жолында өрт сөндіру техникасының өтуіне кедергі келтіретін шлагбаум, қақпа мен қоршау орнату кезінде бұл құралдар өрт сөндіру техникасының кедергісіз өтуі үшін бұғаттан босатылу және (немесе) құлыптан ашылу, сондай-ақ ашық күйде болу мүмкіндігімен мынадай тәсілдердің бірімен қамтамасыз етіледі:

— арнайы техникалық құралдарды қолданбай қолмен ашу;
— персоналдың тәулік бойы кезекшілігімен тұрақты бекетті ұйымдастыру.

Жолдар мен өтпелердің жөнделуі туралы немесе өрт техникасының өтуіне кедергі келтіретін басқа да себептер бойынша оларды пайдалануға жауапты ұйым шығу ауданында осы жолдар мен өтпелер бар мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына уақтылы хабарлайды.

Жолды жабу кезеңінде айналып өту бағытының көрсеткіштері белгіленеді немесе жолдың жөнделетін учаскелері арқылы өткелдер немесе өтпелер ұйымдастырылады.

үй
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе облыстық ТЖД осы бұйрықты негізге алып, жергілікті атқарушы органмен бірге мониторинг жүргізіп тұрады.

— Әр үйді қарап, содан кейін ғана сай немесе сай емес деп айта аламыз. Егер жобалық-сметалық құжатта ауласы қарастырылса, ол өрт қауіпсіздігі ережесіне қайшы келмесе, онда болады. Сонымен бірге шлагбаум орнатудың өз ережесі бар. Аула алдындағы дүңгіршікте сол шлагбаумды ашып, жауып отыратын адам болса, қондыруға рұқсат. Пультпен басқару дұрыс емес. Рейдке шығамыз, анықтаймыз. Өрт сөндіру жұмыстары кезінде бетон қойылып, аула темірмен қоршаулы болса, хаттама толтырып, инспекторлар алып тастауды талап етеді. Ондай проблема бар. Өрт сөндіру көліктері кішкентай емес, кейде кедергіге тап болады. Минут емес, секундтың өзі қымбат болған кезде еш кедергі болмауы тиіс, — деді Ақтөбе облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Нұрхат Қылдыбаев.

Оның айтуынша, адамдар көбіне бала қауіпсіздігін ойлап, көлікке шектеу қояды.

қоршау
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Қоршау — қауіпсіздік

Ал ПИК, МИБ және кондоминиум көбіне тұрғындардың талап-тілегін орындайды. Тұрғындар өз ауласындағы қауіпсіздікті басты орынға қояды.

— Өзім 2015 жылдан бері тұратын үйде кондоминиум төрағасымын. Тұрғын үй аулаларын құрылыс компаниясы салып кеткен. Техникалық құжатқа енгізілген, кондоминиумға тапсырылды. Жүріп-тұруға кедергі болмасан деп мектепке барар жолға есік салып қойдық. Есік сағат 7:00–де ашылады, кешкі 20:15–те жыбылады. Оқушылардан бөлек мұғалімдердің де шыққанын күтеміз. Сенбі, жексенбі күндері ашпаймыз. Неге? Себебі мас адамдар, бұзақылар екі ортада безіп жүре береді. Бұл біздің қауіпсіздігіміз үшін қажет. Көлік те, велосипед те аулада тұр. Ұрлық болғаннан өзінде жабық тұрса қаша алмайды, біз де көріп үлгереміз. Егер аула болмаса, кез келген адам кіріп, шығып жүреді. Бұған дейін көліктер тоналды, тұрғындарға шығын келтіреді. Содан кейін ғана жабылды, — деді «Көркем» кондоминиумының төрағасы Ерлан Сейтмамбетов.

үй
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Бұл аула есігі балалардың жазғы 3 ай демалысында да жабық тұрады. Тұрғындар есірткі жасыратындар мен күдікті адамдардан қорқатынын айтып, осындай ортақ ереже қабылданған.

— Ағаш түбін, қоршау маңын жағалайтын адамдар көбейіп кетті. Мен үнемі учаскелік полицияға хабар беріп отырамын. Күдіктілерді көрсем, «не істеп жүрсіңдер» деп сұраймын. Олар «кілт жоғалтып алдық» деп айтады. Сондықтан қорқамыз. Қоршаудың биіктігі 1 метр 20 см. Қамал салуды сұрағандар болды, бірақ ол талапқа қайшы, — деді Ерлан Сейтмамбетов.

Қоршаулар болмауы тиіс — депутат

Облыстық мәслихат депутаты, «Пандус ОК» ЖШС құрылтайшысы Шахан Жолдасбаев бірінші тұрғындардың өтініші мен қауіпсіздігі ескерілгенімен, қоршаулар үлкен кедергі екенін айтып берді.

қоршау
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Кейбір адамдар пәтерді үйдің ауласы қоршалған, қауіпсіз деп сатып алады. Құрылыс компаниясынан соны талап етеді. Сырт адамдарды да түсінуге болады. Мектепке баратын адамдар тура жолмен жүре алмай, қоршауларға тап болады, айналып өтеді. Екі көзқарас бар. Қоршау туралы шешімді кім шығаратынын білмеймін. Өз пікірімді айтсам, дұрыс емес деп санаймын. Аулалар ашық болуы керек, адамдар кедергісіз өтуі қажет. Көліктер үшін шлагбаум қоюға болады, бірақ адам өте алмайтындай қоршау, «менің аулам, алаңда өзге ешкім ойнамайды» деген шешім дұрыс емес, — деді Шахан Жолдасбаев.

Қоршауды жағалаған оқушылар

Ақтөбеліктер қаладағы қоршаулардың кедергісін видеоға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы да таратып жатыр. Онда оқушылардың қоршаудан өтуі үшін қауіпті кедергіні еңсеріп жүргенін анық көруге болады.

Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясы «Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандырудың қағидаларына» сүйеніп, қалалық полиция басқармасынан сұрауға немесе 102 нөміріне қоңырау шалуға кеңес берген.

Сол кезде хаттама толтырылып, заңсыздық анықталса, әкімшілік жауапқа тартылатыны жазылған.

Kazinform тілшісі Ақтөбе қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Абылай Гумаровқа хабарласқанымен, ол сұраққа Урбанистика орталығы жауап береді деп сілтеді. Орталық сұраққа нақты жауап бере алмай, заңдылығын қайта қарап шығуға уақыт сұрады.

Дегенмен жобаны бекіткен кезде қоршау болса, ол заңды. Ал жобада болмаса, заңсыз. Бірақ қоршауға неге рұқсат берілгенін нақты айта алмады.

шағынаудан
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
құлып
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
үй
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар