Қоржын қолаға толған Токио Олимпиадасы: Әлемдік доданың айтулы сәттері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Токио-2020 жазғы Олимпиада ойындарының соңғы күні. 23 шілде де басталған әлемдік дода өз мәресіне жетті. Әлем тарихында қалатын спорт бәсекесі Қазақстан спортында да өз қолтаңбасын қалдырады. Осы орайда ҚазАқпарат Жапония астанасында өткен ХХХІІ жазғы Олимпиадасына шолу жасады.

Токои-2020 жазғы Олимпиадасына әлемнің 206 мемлекетінен 11 мыңнан астам спортшы қатысты. Жарысқа қатысушылардың тең жартысына жуығы әйелдер болды. Дүбірлі додада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

Жаңашылдыққа келсек, Олимпиада бағдарламасына бейсбол/софтбол, карате, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг секілді спорттың бес түрі енгізілді.

Қазақстан атынан 97 спортшы бәсекенің 28 түрінен бақ сынады. Нәтижесінде ел құрамасы 8 қола медальмен 82 орынға тұрақтады.

Жүлдегерлерге келсек, боксшылар - Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаев , ауыр атлеттер - Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло , дзюдошы - Елдос Сметов , каратешілер - Дархан Асаділов пен Софья Берульцева және еркін күрес балуаны - Нұрислам Санаев қола медаль иеленді.

Жазғы Олимпиаданың ашылу салтанатында Мемлекеттік Туды боксшылардың капитаны Қамшыбек Қоңқабаев пен жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова алып шықты.

Осы тұста айта кетсек, Олимпиаданың ресми түрде ашылуына бірнеше күн қалғанда Forbes шолушысы біздің команда формасын ең стильді киім үлгілері қатарына жатқызған болатын.

Әдемі көйлек Ольга Рыпакованың сымбатын одан әрі арттыра түсті. Шетелдік жанкүйерлер де олимпиада чемпионының киім үлгісін жоғары бағалап, мақтау сөздерін жаудырып жатыр.

«Олимпиадашылар киген костюмнің ішіндегі ең әдемісі. Мен Жапонияданмын. Сіздің командаңызға ойында сәттілік тілеймін», деген секілді желі қолданушылары жылы лебізін білдіріп жатты.

Өз әрекетімен көпшілікті сүйсіндірген қазақстандық зілтемірші, Токио Олимпиадасының қола жүлде иегері Игорь Сон. Ол Олимпиада сыйақысын науқас інісін емдетуге жұмсайтынын айтты.

«Менің кіші інім мүгедек, оған БЦП (балалардың церебральды параличі) диагнозы қойылған. Ата-анам ініммен бірге емделуге кетті, қазіргі сәтте олар Кореяда. Менің қазіргі бар ойым - інімді аяғына тік тұрғызу. Содан артылған ақшаға өмір сүретін боламын», - деді Олимпиада жеңімпазы И. Сон тілшілерге берген сұхбатында.

Жалпы Токио Олимпиадасында болған қызықты сәттерге тоқталып өтсек.

Олимпиада ойындарының ең жас қатысушысы - Хенд Заза. Сириялық спортшының жасы небәрі он екіде. Ол төрт жылдықтың басты бәсекесіне берілер жолдаманы Амманда өткен батысазиялық іріктеу кезеңінде жеңіп алды. Сонымен қатар ашылу салтанатында Сирияның байрағын ұстап шығу мәртебесіне ие болды.

Дегенмен Заза алғашқы айналымда өте тәжірибелі, 39 жасар спортшы Лю Цзюға жол берді. Сирияға жүлде алып қайта алмаса да, жас спортшыға көрерменнің ықыласы зор болды.

Токио Олимпиадасында орын алған таңғаларлық оқиға бір үйден қос чемпионның шығуы.

Ағалы-қарындас Хифиму Абэ мен Ута Абэ күллі «күншығыс» елінің абыройын асырды. Хифуми 66 келіде қарсылас шақ келтірмесе, Утаға 52 келіде қарсы тұрар ешкім болмады. Осылайша бір күнде бір үйден қос чемпион шықты.

Спорт бәсекесіндегі ерекше айтып өтетін тағы бір сәт, венесуэлалық спортшының әлем рекордын жаңартуы.

Жазғы Олимпиада ойындарында үш қарғып секіруден әлем рекорды жаңарды. Бұған дейін 26 жыл мұрты бұзылмаған рекордтық көрсеткіш украиналық Инессе Кравецке тиесілі еді. Ол 1995 жылғы Әлем чемпионатында 15,50 метрге секіріп, тарихта өз атын қалдырған.

Араға ширек ғасырдан аса уақыт салып Юлимар Рохас Кравецтен 17 сантиметрге артық секіріп, Олимпиада алтынан бөлек рекордқа түзету енгізді. Бұған дейін Рио Олимпиадасының күмісін, Әлемнің чемпионатының екі алтынын алған спортшы енді Олимп шыңына шықты. Бір қызығы, Рохас бұған дейін волейболмен шұғылданған екен.

Токиодағы қызық мұнымен бітпеді. Италия және Катар елінің жеңіл атлеттері алтын жүлдені өзара бөліп алды.

Екі спортшы да биіктікке секіру бойынша 2,37 метрді бағындырған. Қазылар алқасы 2,39 метрге ешкім секіре алмағандықтан, алтынды Баршим мен Тамбериге бөліп беруді ұйғарған.

Олимпиада тарихында жеңіл атлетикадан екі спортшының алтын иеленуі осымен екінші рет қайталанып тұр. Бұған дейін 1912 жылғы Олимпиада ойындарында бір спорт түрінен екі атлет алтын еншілеген еді.

Олимпиада көрермендерін таңқалдырған келесі спортшы, грек-рим күресінен белгілі балуан Михаин Лопес Нуньес Олимпиада ойындарының 4 дүркін чемпионы атанды.

38 жасар бостандық аралының өкілі финалдық бәсекеде грузиялық Якоби Каджаядан басым түсіп, тарихи жетістікке қол жеткізді. Кубалық грек-рим шебері 4 кездесудің біреуінде де қарсыласына ұпай бермеген.

Ол бұған дейін Бейжің, Лондон, Рио-де-Жанейро Олимпиадаларында топ жарған болатын. Сонымен қатар, Михаин Лопестің қоржынында бес Әлем чемпионатының алтыны бар.

Спортшы Олимпиада ойындарынан кейін спорттық мансабын аяқтауды жоспарлап отыр.


Фото: olympic.kz


Соңғы жаңалықтар