Көшелерді түтін басып кетті: Өскеменде желіде тараған видеодан соң экологтар тексеру жүргізді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласындағы зауыттардың бірінде ауаға тарайтын зиянды қалдықтар мөлшері рұқсат етілген шектен асып кеткені анықталды.

19 мамырда түстен кейін Өскеменде Титан магний комбинаты орналасқан ықшам ауданда ауаның ластанғаны жайлы видео тарай бастады. Онда көшелерді түтін басқаны көрінген.
Осыдан соң сол жерге ШҚО Экология департаментінің мамандары арнайы барып, тексеру жүргізді. Өлшеу қорытындысы бойынша ауадағы хлордың шекті рұқсат етілген концентрациядан асып кету фактісі тіркелді.
— Экология департаменті жағдайды бақылауды жалғастырады. Қолданыстағы экологиялық заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да экологиялық заңнаманы бұзған қытайлық компанияға 1 млрд теңге айыппұл салынғаны хабарланған.