«Қошқар ата» қалдық қоймасының сметасы қайта қаралуда

  Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «Қошқар ата» қалдық қоймасының қазіргі жай-күйі туралы айтып берді, деп хабарлайды Kazinform.

Маңғыстау облысы әкімдігі
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

«Көптен айтылып жүрген мәселе – «Қошқар ата» қалдық қоймасы. Бұл жерге 150 млн тонна қалдық төгілген. Кезінде жоба жасалған болатын. Былтырдан бері материалдардың қымбаттауына және басқа да себептерге байланысты жобалық-сметалық құжаттаманы қайта түзету шешімі қабылданды. Желтоқсан айында осы жоба мемлекеттік сараптамадан шығады. Келесі жылы осы жұмысымызды жалғастырамыз», - деді Н. Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Әкімнің толықтыруынша, ондағы рекультивацияға 17 млрд теңге бөлінген. Қазіргі жобалық-сметалық құжаттама тағы 32 млрд теңгеге қымбаттады. Барлығы 49 млрд теңге жоспарланған және сараптамадан кейін нақты бағасы белгілі болады.

Сондай-ақ, Маңғыстау облысы әкімдігінің хабарлауынша, қойманың айналасына жергілікті бюджет есебінен 80 гектар жерге 200 мың қара сексеуіл отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы 150 гектар жерге ағаш егу жоспарланған.

Бұған дейін Маңғыстаудағы Қошқар ата улы қалдықтар қоймасын қалпына келтіру жұмыстарына 49,5 миллиард теңге қарастырылғаны айтылған еді. Бұл жөнінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсел Балманова сұхбат берді.

 

Соңғы жаңалықтар