Қосшы қаласы Астанаға қосыла ма – облыс әкімі жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында Қосшы қаласының келешекте Астанаға қосылатыны туралы алып-қашпа әңгімелерге жауап берді.

Марат Ахметжанов
Фото: Дияр Бексұлтанов

— Астананың да, Қосшының да өз даму жоспары бар. Қосшының 2035 жылға дейінгі бас жоспары бекітілген. Мен қос қаланың қосылмайтынына кепілдік бере алмаймын. Бірақ Қосшы қаласы 2035 жылға дейінгі жоспар бойынша  250 мың тұрғыны бар елді-мекен ретінде Астананың серігі болып дамуға тиіс. Көші-қонды тұрақтандыра ма деген де пікір бар. Ол үшін жұмыс орындары ашылып, жайлы тұрмыс қалыптастырылуы керек. Астана мен Қосшының айырмашылығын азайтуымыз керек, — деді ол «Уәде» бағдарламасында.

Әкімнің айтуына қарағанда, қаланың өзінде 2010 жылдардан бері келе жатқан «Сиреневый сад» сияқты сақалды құрылысқа айналған үлескерлік нысандардың мәселесі шешіле бастаған.

— 2011 жылы басталған жобаның қазір не басы, не аяғы жоқ, құрылтайшылары сотталып кеткен. Биыл сондағы 110 үлескерге баспана алып бердік. Бұдан басқа екі үлескердің ісі сотта қаралып жатыр, — деді аймақ басшысы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қосшы қаласындағы сақалды құрылысқа айналған «Сиреневый сад» тұрғын үй кешенінің құрылысы қайта жанданып, 371 пәтер пайдалануға берілді.

Соңғы жаңалықтар