Қостанай ауданында алғашқы жайлы мектеп ашылды

жайлы мектеп
Фото: Костанай ауданы

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынған мектеп 900 ұл-қыз үшін жаңа білім ордасына айналды. Салтанатты ашылу Қостанай облысы Заречное ауылында өтті. Білім ошағы – жобаның Қостанай ауданында пайдалануға берілген алғашқы нысаны. Толығырақ Kazinform агенттігі тілшісінің материалында.

Мемлекеттік тілде оқытатын заманауи мектеп бес блоктан тұратын үш қабатты ғимаратта орналасып, соңғы үлгідегі материалдық-техникалық жабдықтары бар. Сыйымдылығы – 900 орын. 

жайлы мектеп
Фото: Костанай ауданы

«Мектепте жүзден астам оқу кабинеті, STEM-зертханасы және робототехника кабинеті жұмыс істейді. Шығармашылық және спорттық әлеуетті дамыту үшін акт залы, хореографиялық зал және үш спорт залы бар. Айта кетейік, әмбебап акт залын конференц-зал немесе арт-студияға айналдыруға болады. Оқу залы бар кітапхана, мектеп оқушылары мен мұғалімдерге ыңғайлы коворкинг алаңдары, жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етілуі – осының барлығы сапалы білім алу және балалардың дарыны мен қабілетін дамыту үшін оқу кеңістігінде қолайлы жағдай жасайды. Сондай-ақ асханаларды блоктарға бөлінген (бастауыш және жоғары буындар үшін). Мектеп кедергісіз ортаға толығымен сәйкес келеді және білім алу мүмкіндігі шектеулі балаларға бейімделген: жеделсаты, пандус және т.б. бар», - деді Қостанай облысы әкімдігінің «Қостанай облысы білім басқармасы» ММ басшысы Әлия Төртқараева.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында орта білім беру ұйымдары нысандарының мақсатты құрылысы бойынша дирекциясы болып «Samruk-Kazyna Construction» АҚ белгіленді. Бюджет 5 млрд-тан астам теңгені құрады. 

жайлы мектеп
Фото: Костанай ауданы

«Заречное ауылындағы Жайлы мектептің құрылысы кезінде материалдық-техникалық жабдықтандыруы жағынан облыстағы үздік оқу орындары – «Назарбаев Зияткерлік мектебі» мен «Білім инновация» лицей-интернатынан кем түспейтін бірыңғай стандарт қолданылды, оның ішіне оқу жабдықтары мен жиһаздарының толық жиынтығы, ұлттық стильді ескере отырып, мектеп кеңістігінің заманауи эстетикалық тартымды көрінісі (ішкі даярлануы), оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздік режимін ескере отырып, бейнебақылау, дыбыстық сигналдар орнатылған есіктер мен блоктарды (лаңкестік қауіп төнген жағдайда автоматты түрде) бұғаттау функциялары және жылдамдығы жоғары интернет, сонымен қатар мұғалімдерге арналған толық жабдықталған жұмыс алаңдары кіреді», - деп түсіндірді білім басқармасының басшысы.

Ашылу салтанатына Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали де қатысты. Ол жиналғандарға ұлы ағартушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының халық тәрбиесі балалық шақтан, мектептен басталатынын алға тартқан сөздерін жеткізді. 

жайлы мектеп
Фото: Костанай ауданы

«Мұғалімдердің міндеті – оқу-тәрбие процесін терең мазмұнмен толтыру, өз тарихын білетін, болашақта еліміздің игілігі үшін қызмет етуге дайын нағыз патриоттарды тәрбиелеу» – деді ол.

Бұл мектептің құрылысы орын тапшылығын шешу үшін мемлекеттік тілдегі мектептерді көбейту бойынша Облыстық жол картасы аясында жоспарланған болатын. Атап айтқанда, жергілікті А.Байтұрсынов атындағы мектеп 300 оқушыға арналған, ал іс жүзінде онда 1-11 сыныптарда 800 оқушы және мектепалды даярлық сыныптарында 60 оқушы білім алған. Енді оқушылардың бір бөлігі жаңа оқу орнына ауыстырылып, А.Байтұрсынов атындағы мектепте қосымша білім алу үшін жағдай жасалмақ. Кентте қазақ және орыс тілдерінде барлығы 2 мектеп жұмыс істейді. Мемлекеттік тілдегі мектептерде орын тапшылығына (аудан бойынша барлығы – 44 мектептің үшеуі), көші-қон және жеке тұрғын үй құрылысына байланысты Заречныйда осы мектепті салу қажеттілігі туындады. 

жайлы мектеп
Фото: Костанай ауданы

Жалпы, Қостанай облысында оқушылар орнының тапшылығы байқалады. Атап айтқанда, Тобыл қаласы бойынша бұл көрсеткіш 807 орынға жуықтаған: қазіргі уақытта мұнда 4 мектеп оқушыға шамадан тыс толы. 

жайлы мектеп
Фото: Костанай ауданы

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста тағы 5 мектеп салынып жатыр: Арқалық және Рудный қалаларында, Құсмұрын ауылында және облыс орталығының белсенді дамып келе жатқан «Әуежай» және «Береке» шағын аудандарында.

Соңғы жаңалықтар
telegram