Қостанай облысында қатты дауыл соғып, қар жауды
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM — Қостанай облысында қатты жел тұрып, көше бойындағы бағдаршамдар мен ағаштар тамырымен жұлынып кеткен.

Қатты желдің екпіні сағатына 61 км-ге дейін жетіп, қала тұрғындары мен инфрақұрылымға әсерін тигізбей қоймады.

Әлеуметтік желілерге тұрғындар опырылып түскен ағаштардың бейнелерін жібере бастаған. Қостанай қаласы Назарбаев көшесіндегі көпқабатты үй шатыры металл профилінің бір бөлігі ажырап, түсіп қала жаздаған. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары дер кезінде жетіп, арнайы альпинистік жабдықты пайдалана отырып, үйдің шатырына мініп, босап тұрған бөліктегі профилді шешіп үлгерген. Мәлім болғандай зардап шекендер жоқ.
Көпқабатты үйлердің ауласы мен автотұрақтарда құлаған ағаштар көліктерді басып қалған. Мұнымен қоса, жарнамалық баннерлер жұлынып, тұрғын үйдің бірінің шатыры ұшып кеткен.

Білім басқармасының мәліметінше, бірқатар аудан мен облыс орталығында бірінші ауысымдағы оқушылар сағат 10:00-ден кейін қашықтан оқуға жіберілген. Атап айтқанда, Рудный қаласы мен Жітіқара, Ұзынкөл, Б. Майлин, Сарыкөл, Қостанай аудандарында балалар екінші ауысымда мектепке бармайды. Аманкелді ауданында екінші ауысым бастауыш сынып балалары үшін қашықтан оқу режиміне ауыстырылды.
Мамандар желдің жылдамдығы қазір 20 м/с дейін жететінін атап өткен.

Қазіргі уақытта коммуналдық қызметтер мен төтенше жағдайлар қызметі зардаптарды жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, ТЖД желі арқылы азаматтарды сақ болуға және ауа райының өзгеруі туралы ақпаратты бақылауға шақырады.
– Қатты жел кезінде ағаштар мен электр желілерінің қасына автокөліктеріңізді қоймаған абзал. Сонымен қатар, ондай жерлермен жүрмеген жөн. Ғимараттағы терезелер мен есіктерді мықтап жауып алыңыз. Егер сымдар мен құрылымдардың үзілгенін байқасаңыз, дереу 112 нөміріне хабарласыңыз, – дейді Төтенше жағдайлар департаменті.