Қостанай облысындағы колонияда жаңа жылдық шырша өндіретін кәсіпорын ашылады
АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №38 мекемеде екі жаңа өндірістік ангар ашылды. Олардың жұмысын ұйымдастыру нәтижесінде 150 сотталған азаматты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің өңірдегі тілшісі хабарлады.
Өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, мекеме аумағында жалпы ауданы 1 020 шаршы метр болатын екі жылдам құрастырылатын модульдік ангар пайдалануға берілді. Нысандардың құрылысына облыстық бюджеттен 100 миллион теңге бөлінген.
Жаңа өндірістік ғимараттарда екі кәсіпорын жұмысын бастайды. Атап айтқанда, «Азурит» ЖШС тігін цехын ашып, онда 100 сотталған азаматты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Ал «Чечулина» ЖШС кәсіпорнында жаңа жылдық шырша өндіретін цех іске қосылып, тағы 50 адам жұмысқа орналасады.
Осылайша, жаңа өндірістік алаңдардың ашылуы сотталған азаматтарға арналған 150 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта №38 мекеменің аумағында 28 кәсіпкерлік субъектісі өз қызметін жүзеге асырып келеді.
Айта кетейік, бұған дейін Қарағандыда 180 сотталған кәсіп меңгеруді бастаған еді.