15:18, 19 Қаңтар 2015 | GMT +5
Қостанай облысында адам ұрлаған қылмыскерлер ұсталды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облыстық ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ұрланған және заңсыз еркіндіктен айырылған адамды босатты.
Бұл туралы ІІД баспасөз қызметінен хабарланды. Қылмысқа қатысты үш адам ұсталды. Оларға ҚР ҚК 125 және 126 баптары бойынша айып тағылды.
Полиция қылмыс туралы ұрланғанның әйелінен білген. Ол күйеуінің тергеушілерге СМС-хабарламасын көрсеткен. Жапа шегуші оны өндіріс базасының аумағынан жіберген.
Кейін бұл ер адам қарызын қайтара алмағандықтан танысының тұтқынына түскені белгілі болды. Ол қарыз болған адамдардан жасырынып, Астанаға қашқан. Алайда оны Астанадан тауып, Қостанайға әкелген. Қостанай маңындағы өндірістік базаға апарып, достарына, туыстарына хабарласып ақша жинауды сұрауға мәжбүрлеген. Осылайша жапа шегуші мүмкіндікті пайдаланып әйеліне СМС жолдаған.