Қостанай облысындағы өрт: Қоғамдық қорға 491,6 млн теңге жиналды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Өрттен зардап шеккен қостанайлықтарға көмек беруге арналған бірыңғай қоғамдық қорға 491,6 млн теңге жиналды. Бұл туралы Қостанай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде қор өкілі Батырбек Ахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Бүгінгі таңертеңгі ақпарат бойынша қорға 491 614 000 теңге түсті. Оның ішінде ірі көлемдегі қаражат аударған кәсіпорындар бар. Мәселен, «СарыаркаАвтоПром» ЖШС – 70 млн, «PetroRetail» ЖШС – 50 млн және «Арип-Агро» ЖШС 5 млн теңге аударды», - деді «Қайырымдылық KZ» қорының өкілі Батырбек Ахметов.

Оның айтуынша, құрылған арнайы комиссия тұрғындардың шығынан есептейді. Кейін сол деректерге сәйкес, зардап шеккен халыққа қаражат беріледі.

Қордың тағы бір өкілі Гүлмира Амагелдіқызы қажеттіліктер өтелгеннен кейін артылатын ақша ауданды көгалдандыруға бағытталатынын айтты.

«Жиналған ақшаның басым бөлігі өртеніп кеткен мүліктің орнын толтыруға және Әулиекөл ауылындағы инфрақұрылымды қалпына келтіруге бағытталады. Егер ақша артылып жатса, онда ол қаржы ауданды көгалдандыру жұмыстарына бөлінеді», - деп атап өтті Гүлмира Амагелдіқызы.

Еске салайық, Қостанай облысының Әулиекөл ауданында орман өрті 2 қыркүйек күні басталды. Барлығы 2091 адам эвакуацияланып, 12 тұрғын жарақат алды. Бір адам көз жұмды.

Қостанай облысында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орайластырылған салтанатты шаралар кейінге шегерілді. Өңірге Президент Қ.Тоқаев барды. Өрт болған елді мекен тұрғындарымен кездескен Мемлекет басшысы зардап шегушілерге Үкімет екі айда бұрынғыдан да жақсы үй салып беретінін айтты.

ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өрт адам қолынан болды деген нұсқаны жоққа шығармайтынын мәлім етті.

Соңғы мәлімет бойынша, өрт салдарынан 18 кәсіпкердің бизнесіне шығын келді.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жалыннан егістіктерге залал келсе, шығын өтелетінін мәлімдеді.


Соңғы жаңалықтар