Қостанайда 140-қа жуық жер учаскесі мемлекет қажетіне алынуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысының бас жоспарына енгізілетін түзетулер аясында жаңа эстакадалар салу, электр қосалқы станцияларын орналастыру және демалыс аймақтарын құру жоспарланып отыр. Кейбір жобаларды жүзеге асыру үшін алдағы уақытта жер учаскелерін мемлекет қажетіне сатып алынуы мүмкін.
Алдын ала есеп бойынша жоспарланған нысандардың аумағына шамамен 139 жер учаскесі кіреді. Алайда әзірге бұлар — болашақта жүзеге асырылуы мүмкін жобалар. Олардың бірқатары 2050 жылға дейінгі кезеңді қамтиды.
Жер учаскелерінің нақты саны жобалық құжаттама әзірленген сайын нақтыланады. Жерді мемлекет қажетіне алу рәсімдері Қазақстанның Жер кодексі мен «Мемлекеттік мүлік туралы» заңына сәйкес жүргізілуге тиіс.
Үш жаңа эстакада салынады
Бас жоспарға енгізілген түзетулерде үш эстакада салу қарастырылған. Алғашқысы Дощанов көшесінен Достық көшесіне шығатын бағытта бой көтермек. Жобалық құжаттаманы әзірлеу 2027 жылы басталады деп жоспарланған. Болашақ нысанның аумағына жалпы көлемі 1,9 гектар болатын шамамен 16 жер учаскесі кіреді.
Қалған екі эстакада бас жоспарды жүзеге асырудың кейінгі кезеңдерінде салынбақ. К.Дөненбаева көшесінен Шақшақ Жәнібек батыр көшесіне шығатын эстакада құрылысы 2040–2050 жылдарға жоспарланған. Жоба шамамен 1 гектар аумақтағы 22 жер учаскесін қамтиды.
Ал Тәуелсіздік көшесінен К.Дөненбаева көшесіне шығатын эстакаданы 2030–2040 жылдары салу көзделген. Құрылыс аумағына жалпы көлемі шамамен 3 гектар болатын 44 жер учаскесі кіреді. Олардың басым бөлігінде жеке тұрғын үйлер орналасқан.
Бұдан бөлек, эстакада құрылысына дейін «Береке» шағын ауданындағы айналма жолдан К.Дөненбаева көшесіне шығатын жол салу ұсынылып отыр. Бұл жобаға тағы үш жер учаскесін мемлекет меншігіне алу қажет болуы мүмкін. Оның біреуі — 0,68 гектар жер учаскесі жол аумағына түгелге жуық кірсе, қалған екеуінің бір бөлігі ғана қамтылады.
Жаңа қосалқы станцияға жер бөлінеді
Қаладағы энергетикалық инфрақұрылымды дамыту да бас жоспарға енгізілген өзгерістердің бірі. Қостанайдың орталық-шығыс бөлігінде жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды электр қуатымен қамтамасыз ету үшін «Шығыс» 110/10 кВ қосалқы станциясын салу жобаланып отыр. Ол электр қуатының қосымша резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазір нысан аумағына арналған егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Жыл соңына дейін оң қорытынды алу жоспарланған. Осыдан кейін жер учаскелерінің иелерімен жұмыс басталады. Алдын ала есеп бойынша қосалқы станция аумағына шамамен 35 жер учаскесі кіреді.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы мен Фабричная және Рабочая көшелерінің арасындағы аумаққа арналған егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленіп жатыр. Мұнда қаланың орталық бөлігін электр қуатымен қамтамасыз ететін жабық үлгідегі «Орталық» қосалқы станциясын орналастыру көзделген.
Қай жерде жаңа саябақтар пайда болуы мүмкін?
Бас жоспардағы тағы бір өзгеріс жаңа демалыс аймақтарын құруға қатысты.
К.Дөненбаева көшесінің бойында «Береке», «Алтын Арман», «Солтүстік-Батыс» және «Юбилейный» шағын аудандары орналасқан. Бұл аумақтың жалпы көлемі шамамен 375 гектар болғанымен, мұнда үлкен саябақтар жоқ.
Бас жоспарды әзірлеушілер «Тобыл Аренаға» дейінгі өндірістік және қойма нысандары орналасқан қоғамдық-іскерлік аумақтың бір бөлігін демалыс аймағына айналдыруды ұсынып отыр.
Болашақ саябақтың аумағына 8 жер учаскесі кіреді. Олардың ішіндегі ең үлкен учаскенің иесімен кездесу өткізілген. Қазір ол бас жоспарды әзірлеушілердің ұсынысын зерделеп жатыр.
Тағы бір демалыс аймағын Высокая көшесінің бойында, К.Дөненбаева көшесінен Н.Назарбаев даңғылына дейінгі аралықта құру ұсынылған. Оның аумағы шамамен бір гектар болады.
Болашақ саябақтың аумағына жеке тұрғын үй құрылысына арналған жалпы көлемі шамамен 0,55 гектар болатын 11 жер учаскесі кіреді. Онда 7 тұрғын үй бар. Бұл үйлер орталық инженерлік желілерге қосылмаған. Тұрғындар суық суды пайдаланады, кәріз жүйесінің орнына септик орнатылған. Алайда газ, орталықтандырылған ыстық су және кәріз жүйесі жоқ. Үйлер пешпен жылытылады.
Сонымен бірге бұл жерлерді мемлекет қажетіне алу мәселесі әзірге күн тәртібіндегі басты міндеттердің бірі емес. Аталған аумақ болашақта демалыс аймағын құруға арналған жер ретінде қарастырылып отыр.
Бұған дейін қостанайлық фермерлер күнбағысты шетелге еркін сатқысы келетіні туралы жазған болатынбыз.