Қостанайда күн электр станциясы іске қосылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысында қуаты 22,6 МВт күн электр станциясының (КЭС) құрылысы аяқталды. Жоба Солтүстік Қазақстандағы ең ірі жаңартылатын энергия нысанына айналды, деп хабарлайды Өнеркәсіп комитетінің баспасөз қызметі.
Станцияны салтанатты түрде іске қосу рәсіміне Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев қатысып, жобаның өңірлік энергетика мен өнеркәсіптің тұрақты дамуы үшін маңыздылығын атап өтті.
— Күн электр станциясы компанияның декарбонизация бағдарламасы аясында салынып, «Варваринское» АҚ-тың «жасыл» электр энергиясына көшуіне бағытталған. КЭС жылына шамамен 28,5 млн кВт·сағ электр энергиясын өндіреді, бұл кәсіпорынды күндізгі уақытта жаңартылатын көздерден толық дерлік қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жоба аясында жалпы ауданы 98 000 м² болатын 36 000-нан астам күн панелі орнатылды, — делінген хабарламада.

Сонымен бірге жоба құрамында қуаты 40 МВт болатын маневрлік газопоршенді электр станциясының (ГПЭС) құрылысы қарастырылған. Оның іске қосылуы 2026 жылға жоспарланған.
Газ станциясы күн станциясының тәуліктік өндіру көлеміндегі өзгерістерді теңестіріп, «Варваринское» АҚ-тың түнгі, таңертеңгі және кешкі уақыттағы энергия қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ пик сағаттарда АО «KEGOC» жүйелік операторы үшін реттелетін қуат беретін болады. Бұл — елде «жасыл» энергия өндірісі мен маневрлік газ станциясының қуатын біріктіретін алғашқы жобалардың бірі.
«Варваринское» АҚ-тың таза энергия көздеріне көшуі кәсіпорынның жанама парниктік газдар шығарындыларын 50%-ға қысқартады. Ал Solidcore Resources тобы бойынша тікелей және жанама шығарындылар 16%-ға төмендейді.
Жобаны Solidcore Resources компаниясының еншілес құрылымы — «Altyn Solar Energy» ЖШС жүзеге асыруда. Бас мердігер — «Hi-Teck Qazaqstan» ЖШС. Құрылыс кезеңінде 70 жұмыс орны ашылып, станция іске қосылғаннан кейін 16 тұрақты жұмыс орны қамтамасыз етіледі.
Бұдан бұрын Қостанайда 6 теміржол вокзалы жөнделіп жатқанын жаздық.