Қостанайда мотор жөндейтін әйел тұрады
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Көліктің моторы, қорабы немесе электроникасын жөндеуші десе, көз алдымызға орта жастағы ер адам елестейтіні сөзсіз. Бірақ бұл мамандықты меңгерген әйел адамдар да кездеседі. Темір тұлпардың зілдей бөлшектері істен шықса, оп-оңай жөндейтін шебердің бірі Қостанай облысында тұрады.
Әлия Қуанбаева Қамысты ауданындағы Алтынсарин серіктестігінің шеберханасында электр қозғалтқыштарын жөндеумен айналысады. Ол ерлермен қатар жүріп, техниканың тілін жетік меңгеріп алған. Бір күнде бір өзі 2–3 қосалқы бөлшектің ақауын тауып, әр сымын шаш өргендей етіп шеберлікпен орайды.

Шебер алғашында шаруашылықта аспаз болып жұмыс істеген. Кейін әріптестерінің ісіне қызығып, темір мен сымның тілін түсініп, осы салаға ауысқан. Содан бері 18 жыл бойы ерлермен иық тірестіре еңбек етіп жүр.
– Моторларды жөндеймін. Алдымен майдан тазартып аламын. Одан кейін не себепті істен шыққанын қараймын. Сымдарын шешіп, қайта ораймын. Жүк көліктерінің қосалқы бөлшектерін ғана емес, кез келген моторды жөндей аламын. Мысалы, шаруашылықтың жылу беретін қазандығында ақау болуы мүмкін. Үгіткіш құрылғылардың да моторларын да істеуді меңгеріп алғанмын, – дейді Ә. Қуанбаева.

Шаруашылықта астық оратын комбайннан бастап, тырма, трактор, жүк көліктеріне дейін сан алуан техника бар. Қайсыбірінің генераторы істен шықса, Әлияның қолына жөндеуге тапсырылады. Ал ол толық тексеріп, істен шыққан бөлшегін қалпына келтіреді.
– Жұмысым сырт көзге ауыр көрінгенімен, мен үшін ешқандай қиындығы жоқ. Бұл істе бастысы – күш. Негізі, ерлердің істейтін жұмысы ғой. Бірақ өзіме жайлы, бәрі ұнайды, үйреніп алғанмын. Кез келген техниканың ақауын табамын. Жұмыстан шыққан соң мотор мен генераторларды ұмытып, үй тірлігіне кірісемін, – дейді моторшы.

Әлия – үй мен түздің жұмысын қатар дөңгелетіп жүрген жандардың бірі. Кейіпкеріміздің үш ұлы бар. Келін түсіріп, әже атанған. Жолдасы да осы шаруашылықта жұмыс істейді.
Қазақстанда кәсіпкер әйелдер саны қанша екенін осы материалдан оқыңыз.
Қазақстанның қай өңірінде әйелдер көп тұратынын мына материалдан білесіз.