Қостанайда пациенттің операция кезінде қайтыс болуына байланысты іс қозғалды
АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысында операция кезінде пациенттің қайтыс болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты.

Естеріңізге сала кетсек, әлеуметтік желіге тараған видео мәліметтеріне қарағанда, операция барысында ер адам көз жұмған.
Куәгерлердің айтуынша, ота жасаған нейрохирург сол кезде мас болған және отадан кейін бірден ауруханадан кетіп қалған.
— Фармацевтикалық бақылау департаменті оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Өңірлік ішкі істер департаментінде іс қозғалды. Тексеру қорытындысында тиісті пікір білдіреміз деп ойлаймын. Полиция департаменті тарапынан істің мән-жайы айтылған жоқ. Дегенмен, біз өз тарапымыздан маман бердік, — деді Ақмарал Әлназарова.
Бұған дейін Қостанай облысы Әулиекөл ауданында отбасына қатысты аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен полицейлер 51 жастағы ер адамды ізін суытпай ұстағанын жазған едік.