Қостанайлықтар амбразураны кеудесімен жапқан Кеңес Одағының Батыры Сұлтан Баймағамбетовті еске алуда

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының тумасы Сұлтан Баймағамбетов небәрі 23 жыл ғана өмір сүрді, бірақ та ол Ұлы Отан соғысындағы қаһармандық ерлігімен кейінгі ұрпақтардың мәңгілік есінде сақталып келеді.

Ол аға сержант шенінде 147-ші атқыштар полкының (43-ші атқыштар дивизисы, 67-ші армия, Ленинград майданы) пулеметшілер бөлімшесінің командирі болды. Кеңес Одағының Батыры атағы Сұлтан Баймағамбетовке қайтыс болғаннан кейін берілді. Ол 1943 жылы 25 шілдеде пулемет амбразурасын кеудесімен жауып асқан ерліктің үлгісін көрсетті. Қостанайлық ардагерлер Баймағамбетовтің майдандас жерлестері оның ерлігі жөнінде әңгімелей отырып, қазіргі бейбіт өмір қандай қиындықпен келгенін есте сақтауға шақырады.

Соғыстың бүкіл ауыртпалығын көрген Лисаковск қаласының тұрғыны Дмитрий Герасимов те осындай пікірде. Ол 30 жылдан астам уақыт ішкі істер органдарында қызмет етті. Мерекелер қарсаңында Дмитрий Петровичті ҚР ІІМ және Қостанай облыстық ІІД өкілдері құттықтап, оған бағалы сыйлықтар тапсырды. Ол өзінің жауынгерлік жолы туралы әңгімелеп берді. Осы кездесуде майдангер Сұлтан Баймағамбетовті де еске алды. Батырдың отбасы көршілес Әулиекөл ауданында тұрды. Сұлтан 20 жасында Қызыл Армия қатарына шақырылып, бірден полк мектебіне келді. Майданға 1941 жылы 22 маусымда аттанды. Сұлтан Баймағамбетов ұрыстарда 4 рет жараланып, госпитальдарда емделіп шыққаннан кейін қайтадан сапқа қосылып отырды. 1943 жылы 22 шілдеде Ленинград түбіндегі Синявино кенті маңындағы ұрыстарда ол ондаған гитлершілерді жер жастандырды. 25 шілдедегі ұрыстарда жау дзоты пулеметінің оғы кеңес әскерлерінің ілгері жылжуын тоқтатты. Баймағамбетов от шашып тұрған жерге еңбектеп келіп, гранат лақтырды. Ал пулемет қайтадан оқ себе бастағанда Сұлтан Баймағамбетов фашистердің баспанасына кіріп, амбразураны кеудесімен жапты. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1944 жылғы 21 ақпандағы Жарлығымен қолбасшылық тапсырмаларын үлгілі орындағаны және неміс-фашист басқыншыларымен ұрыстарда ерлік пен батырлық көрсеткені үшін аға сержант Сұлтан Баймағамбетовке қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сол жылы Қостанайдағы Красный Пахарь көшесі С.Баймағамбетовтің есімімен аталды. Батыр Ленинград облысының Синявино кентіндегі «Синявин қыраты» жауынгерлік мемориалындағы бауырластар бейітіне жерленді. С.Баймағамбетовтің есімі әскери бөлім тізіміне мәңгілікке жазылды. Оның есімімен Әулиекөл ауданында мектеп аталады. Сұлтан Баймағамбетовтің мүсіні туған ауылында орнатылған. 2001 жылы Ленинград облысындағы Кировск қаласының гимназиясына Кеңес Одағының Батыры С.Баймағамбетовтің есімі беріп, ауласына ескерткіш орнатылды, оның ашылуына батырдың туыстары қатысты.

Соңғы жаңалықтар