Костенко шахтасында қаза болған кеншілер жұмысқа кіру үшін несие алып, пара берген бе
Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз конференциясында «АрселлорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің бас директоры міндетін атқарушы Вадим Басиннің айналасындағы даулы мәліметке пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Ел жазып жатыр, өзіңіз де шахтерлердің әйелдерінің айтқанын естіген шығарсыз. Кеншілер шахтаға жұмысқа кіру үшін несие алған деген мәлімет бар. Ол схеманы тура осы Вадим Басин ойлап тапқан делінеді. Осы мәселенің түбіне жетесіздер ме? Үкімет тарапынан Антикордың тексеру жүргізуін талап етесіздер ме?» деп сұрады журналист.
Тамара Дүйсенова бұл жағдай үкіметтік комиссияның жұмысы қорытындыланған кезде нақты белгілі болатынын айтты.
«Еңбек инспекциясы үкіметтік комиссия құрамына кірді. Ол инспекция тәртіп бойынша міндетті түрде жұмыс жүргізеді. Бірақ Вадим Басин туралы ештеңе айта алмаймын. Ол тексеруден кейін белгілі болатын шығар», — деді вице-премьер.
Еске салсақ, Костенко шахтасындағы 46 кеншінің өмірін жалмаған апаттан кейін Вадим Басин «АрселлорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің бас директоры міндетін атқарушы болып тағайындалған еді.