Коучтан кеңес: Әйел бақытының формуласы неде

АСТАНА. KAZINFORM – Marwin/Meloman «BOOKFEST-2025» фестивалінде кәсіби коуч Жанна Оспанова әйел гармониясының құпиясын ашып, жаңа «Я и мой мужчина: Причем тут папа?» кітабын таныстырды. Kazinform тілшісі коучпен отбасылық құндылықтар мен әйел дамуы туралы маңызды тақырыптарда тілдесті.

Жанна Оспанова
Фото: Мөлдір Снадин/ Kazinform

Балалық шақтағы жара бақытқа тосқауыл

Жанна – әйел жанының терең қатпарларын түсінетін коуч.Ол бұл саланы он жылдық тәжірибе барысында меңгерген. Жүздеген әйелдің өмірін түбегейлі өзгертіп, отбасылық құндылықтар саласында терең маманданған. Практикалық психологияның тың бағыты – нейролингвистикалық бағдарламалау тілін жетік меңгеріп, халықаралық деңгейдегі Эриксон университетінің сертификатын алған.

Жанна үшін коучинг – жай кеңес беру емес, адамның ішкі әлеуетін оятып, шынайы өзгерістерге жетелейтін құрал. Осы ерекше көзқарасының жемісі – «Я и мой мужчина. Так при чем тут папа?» атты еңбегі.

кітап
Фото: Мөлдір Снадин/ Kazinform

– Бұл кітап әйелдің балалық шақтағы әке образы мен ересек өмірдегі қарым-қатынастары арасындағы байланысты терең талдайды. Ішкі жараны емдеуге, өзін тануға, дұрыс таңдау жасауға көмектеседі, – дейді ол.

Коучтің пікірінше, балалық шақтағы әрбір «жарақат» - бойжеткендердің бақытты өмір құруына кедергі. Жанна осы мәселеге ерекше назар аударуға шақырады, өйткені нағыз өзгеріс пен сауықтыру ішкі әлемнен басталу керек.

Көзқарас айырмашылығы ажырасуға себеп емес

Коучты ерекше алаңдататын мәселе – елімізде ажырасудың қарқынды өсуі. 6 баланың анасы ретінде ол бұл трендтің терең әлеуметтік маңызын жақсы түсінеді.

Жаннаның айтуынша, қазір көптеген әйелдер психологиялық тренингтерден өтіп, өзін терең тану барысында күйеуімен көзқарас айырмашылығын байқайды. Бірақ бұл - ажырасуға себеп емес.

Бақыттың формуласы әр отбасыда әртүрлі. Әр шаңырақ – шағын мемлекет тәрізді, өз ережелері, құндылықтары мен дәстүрлері бар. Дегенмен, барлық отбасыда ортақ қағидалар болуы тиіс. Ол – бір-бірін тыңдау, қабылдау, жеке шекараны құрметтеу, өзара сыйластық пен жауапкершілік, – дейді Жанна.

Қазақстанда ажырасу үшін төленетін баж қаншалықты өсуі мүмкін
Фото: freepik.com

Сонымен қатар ол қиындықтар туындағанда кәсіби көмекке жүгінудің маңызын айтады және сертификатталған мамандар, тәжірибелі коучтар мен психологтардың көмегіне ғана жүгінуге шақырады.

«Тепе-теңдік принципі» дегеніміз не?

Коуч маңызды салаларды үйлестіруде «тепе-теңдік принципі» көмектесетінін айтады. Бұл құралға отбасы, жұмыс, балалар, спорт, хобби және өзін-өзі тану сияқты негізгі бағыттар кіреді. Әр бағытты 1-ден 10-ға дейін бағалап, өз өміріңдегі әр саланың қалай дамып жатқанын бақылауға болады.

– Қазір әйелдің рөлі бұрынғыдай тек үй шаруасымен шектелмейді. Ол – білім алушы, үнемі дамып, арманына ұмтылатын тұлға. Әйелдің мәні оның жан тыныштығы мен даму мүмкіндігінде, өмірлік миссиясын орындауда, қауіпсіздік пен құқықтық теңдікте жатыр. Сондықтан ол түрлі техникаларды пайдалана отырып, өзін жетілдіруі керек, – дейді Жанна Оспанова.

Маманның әйелдерге өмірлік мақсаттарын анықтап, нақты жоспар құруға, дамуға көмектесетінін білдік. Бірақ ол табыстың нәзіктік пен мықты жігер тоғысқанда ғана келетінін жасырмайды.

– Мақсатым – әйелдердің ішкі әлеуетін ашуға және олардың өмірлік тепе-теңдігін сақтауға көмектесу. Ал адамның алға ұмтылуы тікелей өзіне байланысты, – дейді ол.

Соңғы жаңалықтар