Қой жүнінің 70% қоқысқа кетіп жатыр – Депутат
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден мал шаруашылығының қосалқы өнімдерін өңдеу мәселесін көтерді және өңірлерде мал жүні мен терісін қайта өңдеу жөнінде Кешенді ұлттық жоспар құруды ұсынды.
— Қарапайым статистиканың өзі-ақ мәселені айқындайды: 2025 жылдың басында Қазақстанда 9,6 млн ірі қара, 20 млн-нан астам қой-ешкі болған. Демек, жылына жүздеген мың тонна жүн, тері, ішек-қарын өндіріледі. Алайда қой жүнінің 70 пайызға дейінгісі және терінің 50 пайызға жуығы сұраныссыз қалып, шаруашылықтарда өртеліп немесе шіріп кетеді. Бұл табыс көзінен айырылу ғана емес, ұлттық экономика үшін жіберілген үлкен мүмкіндік, — деді депутат Мәжілістің бүгінгі отырысында.
Халықаралық тәжірибе (Иран, Түркия, Өзбекстан, Моңғолия) көрсеткендей, мал шаруашылығының қосалқы өнімдерін өңдеу — табысы зор сала. Ол шикізатты жинаудан бастап мата, кілем, киім, жиһаз және фармацевтика өнімдерін өндіруге дейін толық циклды қамтиды.
— Қазақстанда бұдан да мол мүмкіндік бар. Ал біз әлі күнге дейін шикізатты ысырап қылып, мүмкіндікті қолымыздан шығарып келеміз. Елге жеке кәсіпорындар ғана емес, барлық негізгі өңірлерді қамтитын өңдеу кәсіпорындарының толыққанды желісі қажет. Осыған орай, «Ауыл» партиясы 2030 жылға дейін арналған жүн мен теріні қайта өңдеу жөніндегі Кешенді ұлттық жоспарды бекітуді ұсынады. Барлық әкімдерге өңдеу кәсіпорындарын ашуды міндеттеп, нақты KPI енгізу керек. Инвесторларға салық жеңілдігін беріп, жеңілдетілген несие, жер және рұқсат беру рәсімдерін жеделдету қажет, — деді Қ. Әбден.
Айта кетейік, ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне 2 ай ішінде мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуді, 1 ай ішінде жер ресурстарын әділ бөлуге бағытталған тиісті заңнамалық бастамаларды әзірлеп, ұсынуды тапсырды.